Мәжіліс депутаты: Мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаты: Мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек

18.08.2023

Мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек. Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов осылай деді. Мектепте берілетін тегін тамаққа әр аймақта әр түрлі қаржы бөлінеді. Депутатпен кездесуге келген тұрғындар өзге де мәселені айтып, ұсыныс-тілегін жеткізді. Оның барлығы назарға алынып, тиісті министрліктерге жолданбақ. Ал мектептегі тегін тамақ мәселесіне қатысты Мұрат Әбенов біршама ұсыныс беруге мүдделі.

Мұрат Әбенов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі:

Мәселен, бір ауылда бір балаға күніне тамақ ішуге 200 теңге, енді бір ауылда 400 теңге қарастырылған. Астана мен Алматыда 800 теңге, ал Назарбаев зияткерлік мектебінде 2000 теңге деген реніштер айтылып жатыр. Әрине, бұл өте орынды деп есептеймін. Себебі мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек. Осыны қолға алу керек.

Еңбек адамының құқығын қорғау

Ал, Мәжіліс депутаты, «Ақжол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Оралдағы қорғаныс және шаруашылық мақсатындағы өнімдер шығаратын «Зенит» кәсіпорынында болды. Бес жүзге жуық адам жұмыс істейтін зауыт Каспий теңізіндегі шекара қызметінде жүрген кемелерді құрастырады. Кездесуде зауыт қызметкерлері кәсіподаққа мүшелікке өту проблемасын қозғады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, жалақысын көтеру бойынша мәселе көтерілді. Азат Перуашев бұларды мұқият зерттеп, заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу