Қазақстандық журналистер АҚШ-тың жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық журналистер АҚШ-тың жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп жатыр

21.08.2023

«Болашақ» бағдарламасы арқылы ондаған журналист АҚШ-тың әйгілі оқу орындарында тағылымдамадан өтіп жатыр. Оның ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының мамандары да бар. «Әлемде ақпараттық қауіпсіздік басты орынға шыққан тұста БАҚ саласы өкілдерінің біліктілігін шыңдауға ерекше мән беруі құптарлық іс», - дейді америкалық сарапшылар. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлының репортажы.

Қаламның орнына камера, макияж орнына монтаж. Нью-Йoрк фильм академиясында тағлымдамадан өтіп жатқанына үш ай ғана болған «Qazaqstan» ұлттық арнасының жүргізушісі Арай Кенжина қазір кәсіби камераның құлағында ойнайды. Оны әп сәтте жинап, штативін қойды, жарығы мен балансын реттеді, дыбысын да тексеріп үлгерді. Енді сұхбат ала беруге болады. Яғни, тікелей эфирге шығып жүргенде өзіне көмектесетін бірнеше техникалық маманның қызметін енді өзі қатар атқарады. «Кадр сыртында қызмет ететіндердің қадірі артты», - дейді тележүргізуші.

Арай Кенжина, Нью-Йорк фильм академиясында тағылымдамадан өтуші:

Оңай емес, мына жерге тұрып «былай алыңызшы, жарық қойдыңыз ба, түрім әдемі ма» деп айтқан бір бөлек те, ал кадрды өзің түсірген бір бөлек, кейбір сен түсірген кадрлар монтажға жарамай қалуы мүмкін. Сондықтан да барыңды саласың, үйренесің, көресің.

Американың әмбебап журналистикасына машықтанып жатқан жанның бірі - Рәзия Ыдырысбаева. Біліктілігін шыңдау үшін мұхит асқан «Qazaqstan» телеарнасы Алтын қор департментінің басшысы бұл аптада тілші ретінде тапсырма орындап жүр. Нью-Йорктағы аптап астық жайлы материал әзірлеп, өзі жасаған монтажын академияның телерадиожурналистка бөлімінің жетекшісі Фред Силверманға тексертіп жатыр.

Бұл академияның өзінде 12 қазақ журналисі біліктігін шыңдап жатыр. Бірінші семестрде олар камера, монтаж, дауыс қою және сценарий жазу сабақтарын өтсе ендігі оқу кезеңінде журналистік зерттеу жүргізу, деректі фильм жасау жолдарын үйренбек.

Рәзия Ыдырысбаева, Нью-Йорк фильм академиясында тағылымдамадан өтуші:

Ол жерде бір жүргізуші де, тілші де продюсер де боламыз. Америкалық журналистка әмбебап болуға үйретеді.

Ақпараттық технология дамып, кез келген адамның ақпарат тарату мүмкіндігі артқан сайын салада бәсеке күшейе түседі. Тек сапалы өнім жасай алатын бесаспап журналист қана оқ бойы озық болмақ Ал көрерменің көңілінен шығатын сапалы контент - ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Журналистердің біліктілігін арттыруға ерекше мән беріліп отырғаны да содан.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу