Қарызын кешіруді сұраған азаматтардың 80 пайызының өтініші қабылданбады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарызын кешіруді сұраған азаматтардың 80 пайызының өтініші қабылданбады

21.08.2023

Наурыз айынан бері өзін банкрот деп жариялауды сұраған 51 мыңнан астам ел азаматының өтініші қабылданбады. Кірістер комитеті әрбір кері қайтарылған құжатқа нақты себеп бар деп отыр. «Несие төлеуге мүмкіндігім жоқ», - деген кейбір борышкерлердің депозитте жиғаны бар болып шыққан.

Кредит төлей алмайтындарды құтқаратын арнайы заң қабылданғаннан кейін алғашқылардың бірі болып өтініш берген алматылық Гауһар Дауылжанқызы. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаған келіншек банкроттық туралы заң талаптарына көніп, 1 миллион теңгеге жуық қарызын кешіруді сұраған.

Гауһар Әбдібаева, қала тұрғыны:

Ол қаражат үйге керек болды. Мен өзім банкроттыққа наурыз айында бірінші болып тапсырдым. Ол кезде мен есептемеппін 12 айға толмапты. 15-20 күннің ішінде өтінішім қабылданбады деген хабар алдым. Үш айдан кейін қайтадан келіңіз деді. Келдім қайтіп тапсырдым. Қабылданды.

Яғни банк алдындағы берешегін үздіксіз 1 жыл төлей алмағандардың өтініші бірден қабылданады. Кірістер комитетінің мәліметінше, өзін банкрот деп тануды сұрағандардың көбі дәл осы мерзімге жетпей жатып өтініш беріп жатыр екен. Сондай-ақ қарызы шекті сомадан, яғни 5 миллион 520 мың теңгеден асып кеткендер де берешегін кешіруді сұраған. Тіпті, атында тіркелген мүлкі, ашылған депозиті барлар да несиені қайтаратын мүмкіндігіміз жоқ деп жазған дейді мамандар.

Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі:

Кейбір азаматтардың атында ЖШС бар екендігі, сонымен қатар кәсіпкерлігі бар екендігі анықталды. Сонымен қатар бағалы қағаздары, депозиттері бар екендігі анықталды. Кейбір азаматтар мен бұл несиемді төлемегеніме 12 айдан асып кетті деп айтады. Бірақ белгілі бір себеппен оның несие төлемін біреу жасап отырғаны анықталады. Әрине, бұл мәселені азамат өзі көтеріп, әрі қарай банкке хабарласып шотына кімнің несие өтегенін анықтай алады.

Ал несиені төлей алмай жүргенде шотыңызға танысыңыз қаражат жіберсе, ақша бірден мерзімі өтіп кеткен төлемге деп аударылатыны белгілі. Кредит жартылай өтелсе де, банкроттыққа ілігу мүмкін емес. Сондықтан әлеуметтік жағдайыңызды банкке барып, алдын ала ескертуіңіз қажет дейді мамандар. Осындай сан түрлі себептің салдарынан алты айдың ішінде 63 мыңға жуық азаматтың 80 пайызының өтініші кері қайтарылған. Десек те, олар жіберілген қателіктерді түзеп үш айдан кейін қайтадан банкроттыққа өтінім беруге құқы бар. Айта кетейік, осы күнге дейін банкрот деп танылған 10 мың адамның жартысы соңғы 5 жылдан бері несиесін жаба алмай жүргендер екен.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу