Жамбылда қызылша өсірушілер құрғақшылықтан шығынға батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда қызылша өсірушілер құрғақшылықтан шығынға батып жатыр

23.08.2023

Жамбылда ағын судың аздығынан 10 мың гектарға егілген қызылша алқабының жартысы қурап қалды. Осылайша облыс бойынша 300 мың тонна өнім алу жоспары екі есеге азайды. Бүгіннің өзінде түрлі дақыл еккен 350 қожалықтың зардап шеккені анықталды. Ал тіршілік нәрінен тарыққан Байзақ ауданының шаруалары келесі жылы қызылша екпейміз дейді. Базарбай каналының бойындағы 60-тан астам шаруа қазір сусыз отыр. Ағын су алдағы аптада берілмесе, мың гектарға жуық қызылша қурап қалмақ.

Демірбек Зууфов, диқан:

Негізі осы қылша жарты келі болу керек еді. Қазір көріп отырғандарыңыздай 100-150 г болмайды. Кішкентай. Бұл су ішпеген сайын жұмсақ болады. Қанттың құнарлығы болмайды. Ертең қант зауыты «мұндай шикізат қажет емес, қант шықпаса, не пайда?» деп айтады маған. Келесі жылы су болмаса, суға кепілдік болмаса, мүлде екпеуіміз де мүмкін.

Аймақта 6-шы тамыздан бастап көршіден келетін су толық тоқтады. Дегенмен суға жауаптылар каналдардағы қалдық сулар қызылшаға жетеді деп сендіреді. Ал тәтті түбір өндірушілер қауымдастығы «өнімнің аздығы қант бағасына әсер етпейді» деп отыр. Өйткені Меркі қант зауытының қорында 7 жарым мың тоннаға жуық шекер бар. Биыл мемлекеттен қызылшаның бір келісіне 25 теңге субсидия төленеді. Бұдан бөлек Меркі қант зауыты 15 теңге, тасымалы үшін тағы 4 теңге қаржы бермек.

Саха Манатов, облыстық қызылша өндірушілер қауымдастығының төрағасы:

Өзіміздің отандық өнімді үкімет қолдамаса, 3-4 жылдан кейін қанттың бағасы 1000-1500 теңгеге баруы мүмкін. Су ұңғымасы мен су үнемдеу технологияларына ақша бөліп, бұны жандандырумыз керек. Сонда ғана біздің отандық өніміміз жоғары деңгейде болады. Сонда ғана өз елімізді 70-80 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу