Шу қаласының тұрғыны ауласында түйеқұс өсіріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шу қаласының тұрғыны ауласында түйеқұс өсіріп отыр

24.08.2023

Шу қаласының тұрғыны африка түйеқұстарын ауласында көбейтуді бастады. Сергей Балғабаев 4 бас түйеқұсты 5 млн теңгеге сонау Африкадан Алматы арқылы алдырыпты. Әр қайсысының бойы екі метр, салмағы 80 келіден асады. Ендігі мақсаты ет бағытында құс санын көбейту. Өйткені түйеқұстың еті жылқыныкінен кем емес дейді. Келісінің құны нарықта 15 мың теңгеге дейін бағаланады. Сондықтан түйеқұс санын 50-ге жеткізу жоспарында бар. Әзірге кәсіпкер әкімдіктен 2 гектар жер алған.

Сергей Балғабаев, шаруа:

Төртіншісін сойып саттық. Инкубатор сатып алдық, 20 балапан шығады. 42 күн басылады. Субсидия берілсе жақсы болар еді, бізге көмек болар еді.

Етінен бөлек, терісі мен тұяғына дейін сұранысқа ие. Мәселен, түйеқұс тырнақтары ішік пен тон тігуде түйме жасауға таптырмайды. Ал қылыштай кірпігінен суретшілердің қылқаламы жасалады. Ал терісінің құны 200 АҚШ долларына дейін барады екен. Бірақ мұндай пайдаға кенелу әзірге арман ғана. Ал аймақтағы Ауыл шаруашылығы басқармасы Сергей секілді кәсіпкерлер көбейсе ғана қаржы қаралуы мүмкін деп отыр.

Нұрсұлтан Ақжолов, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімділігін, өнім сапасын арттыру қағидасында түйеқұсқа субсидия қарастырылмаған. Алайда тауық етіне және күркетауыққа субсидия қаралған. Егер де мұндай шаруашылықтар саны артып, дамып келе жатса, онда біздің тараптан ұсыныс енгізуге әрқашан дайынбыз.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу