Стамбұлдың тарихи орталығы Лалели шағын ауданында қазақ дәмханасы ашылды. Бауырсақ пен қазы, қымыз бен қуырдақ ұсынатын мейрамхананың ашылуына жергілікті қандастарымыз бен Стамбұлда жүрген отандастарымыз жиналды. Ақсақалдар бата беріп, жастар ән айтып, кішігірім мерекеге айналды. Атамекеннен алыста жүріп, ұлттық дәмді аңсаған қазақтар бұл жерде шәй ішіп қана қоймай бас қосып әңгіме-дүкен құрады.
Рашида Юксел, Стамбұл қаласының тұрғыны:
Стамбұлдың дәл ортасында осындай қазақ дәмханасының ашылуы біз үшін де қуанышты жағдай. Ет жеп сүтті шәй ішу үшін өзіміз де, достарымыз да бұл жерге енді жиі келіп тұратын боламыз. Қазақ дәмін аңсаған адамдар үшін өте жақсы болды. Жұмыстарына береке тілеймін!
Айдос Әшімұлы