Маңғыстауда аналар ерекше балаларына қоғамға бейімдеу орталығын ашуды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда аналар ерекше балаларына қоғамға бейімдеу орталығын ашуды сұрайды

24.08.2023

Маңғыстауда 18 жасқа толған мүгедектігі бар жастардың аналары балаларына қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру орталығын ашуды сұрайды. Себебі мектеп бітіргеннен кейін оларды бірде-бір оқу орны қабылдамайды. Сол себепті жұмысқа орналасу да мүмкін емес. Сондықтан тепсе темір үзетін жастар төрт қабырғаға қамалуға мәжбүр.

Бұл аналардың барлығының «әрекетке қабілетсіз» деп танылған балалары бар. Бірі 18-де, енді бірі 20 жастан асқан. Денсаулықтарына байланысты диагноздары да әртүрлі. Бірақ бәрі де психиаторлық есепте тұр. Алайда аналар балаларын психикалық ауруханаға жатқызғысы жоқ. Керісінше, қоғамға бейімделіп, ортаға қосылғанын қалайды.

Айнаш Әділханова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Тек құлағы естімейді. Оларға психикалық дамуының кешігуі деген диагноз қойылған. Былай қолынан барлығы келеді. Жасы 19-ға толды. Үйде отырмайды ғой. Бізге баламызға жұмыс керек. Оқу керек. Біз олардың потенциалын ашқымыз келеді.

Салтанат Тельманқызы, Ақтау қаласының тұрғыны:

Адам таниды, достары бар. Енді, былай келгенде, ортаға бейім бала. Мысалы, оларды шөп жұлатын жерлерге апарса, олардың жұмыс істегенін көрсек жақсы болар еді.

Араларында жалғызбасты аналар көп. Асыраушысы жоқ әйелдер табыс табу үшін жұмыс істеуге мәжбүр екендерін айтады. Сондықтан олар өздерін зейнет жасына ерте шығаруды сұрап отыр.

Қамажай Екібасова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Амал жоқ мен жұмысқа кеткенде дардай баламды кілттеп кетем. Жұмысымда да тыныш отыра алмайсың. Себебі баламның аяқ-қолы құрысып қалады. Кез келген жерде, кез келген уақытта құлап жатады. Бізді ертерек зейнетке шығарып, сосын мен баламды қасымда алып жүріп, жұмыс жасатқым келеді.

Осы мәселені зерттеп жүрген қоғам белсендісі Ағлен Таласбаева 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтардың қоғамнан тыс қалып жатқанына қынжылады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 9-сыныпты бітірген мүгедектігі бар 1 ғана жасөспірім колледжге қабылданады. Санаулы бала ғана көгалдандыру жұмыстарына алынады екен.

Ағлен Таласбаева, қоғам белсендісі:

Бір қабинетте неге психиатр отырмайды. Ақпараттық штаб неге бір жерде отырмайды?! Бармағымен, башпайымен домбыра тартатын балалар бар. Башпайымен сурет салатын балалар бар. Сонда неге сондай балалар сондай кабинеттерде өздерінің қарекетін жасамасқа? Сосын олар бір орта болар еді ғой.

Құзырлы мемлекеттік мекеме басшылығының мәліметінше, Ақтауда ересектерге арналған 50 орындық мемлекеттік оңалту орталығы бар. Қазір мұнда 32 адам емделіп жатыр. Соны 100 орынға жеткізу жоспарланған. Егер де құжатта оңалту орталығына рұқсат берілген болса, кез келген адамға есік ашық дейді мамандар.

Жайсаңгүл Досполова, Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Басқарма тарапынан осы орталықтың төсек орнын көбейту бағытында жұмыстар жасалуда. Қосымша, тіптен, осындай топтарға қажеттілік бар ма, жоқ па деген мәселе тұр. Қазір біз оны 100 орынмен жабамыз деп отырмыз.

Ал ерекше жастарды қоғамға бейімдеу орталығын ашу уақыт еншісіндегі мәселе дейді мамандар. Бірақ алда санаториялық орталық ашу жоспарда.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу