Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы Жұлдыз ауылында құрылысы үш жылға созылған мектеп ел игілігіне берілді. Апатты мектептің орнына салынған жаңа ғимараттың сәулеті көз қуантады, дейді тұрғындар.
Жұлдыздықтар бұл мектептің ашылуын көп күтті. Түрлі себептермен құрылысында іркіліс болды. Ұлттық арна бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, жоғары жаққа жұртшылықтың базынасын жеткізді. Игі іс Президенттің Жолдауында айтылған «үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту» туралы тапсырмасының аясында жүзеге асты. Енді, міне, кең, жарық сыныптарда 120 бала білім алмақ. Ғимарат жаңа құрал-жабдық, жиһаздармен толық жабдықталған. Спорт, акт залдары оқушылардың қарым-қабілетін шыңдауына серпін бермек.
Мира Сәрсекова, Жұлдыз ауылының тұрғыны:
Еліміз үшін, балаларымыздың болашағы үшін қуаныштымыз. Өзімнің отбасымнан биыл мектепке 3 балам барады. Біреуі мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Ата-ана, ауыл болып, ел болып қуанып жатырмыз.
Ардақ Мұратқызы