Орта Азиядағы маңызды сауда-экономикалық серіктесіміз Тәжікстанмен алыс-беріс жыл сайын артып келеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 20 пайызға өсіп 1,4 миллиард долларға жеткен. Әсіресе, экспорт көлемі әлдеқайда ұлғайды. Сауда министрлігі биыл тағы да 60 түрлі дайын тауарды жеткізу жағын қарастырып жатырмыз дейді
Қазақстан Тәжік елінің суда серіктестері арасында екінші орында тұр. Бізден көбіне бидай, ұн, мұнай өнімдері жөнелтілсе елімізге электр қуаты, көкөніс пен мата импортталады.
Өткен жылы экспорт 10 пайызға өсіп, 877 миллион долларға жетті. Ал импорт 500 миллион доллардан асқан. Осы жылдың алғашқы жартысында жөнелтілген табиғи газ, майлы дақылдардың көлемі артып, айналым тағы 7 пайызға өскен. Соңғы 5 жылда жіберілетін май өнімдері де екі есе көбейген.
Әйгерім Тұрғынбек, Май өнідіру цехының бөлім басшысы:
Бізде тәулігіне 200 тонна май өндіріледі, соның 15 пайызы экспортқа кетеді. Қалған 85 пайызы Қазақстанның ішкі нарығында қолданылады.
Бұл бір ғана сұйық май шығаратын зауыттың өндіріс қуаты. Ал еліміз бойынша жылына 150 мың тонна май өнімі тікелей тәжіктерге жіберіледі. Оның басым бөлігі күнбағыс майы мен күнжарасы.
Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы:
Қазақстандық май өнімдерін сатып алу жағынанан Тәжікстан алғашқы бестікке кіреді. Былтыр тіпті экспорт көлемінің 18 пайызын құрап, Қытай мен Өзбекстаннан кейін үштікте болды. Елімізде күнбағыс дәні көбірек өндірлсе, май өндіру көлемі артып, экспорт та ұлғаятын еді. Әзірге отандық зауыттар 85 пайыз өзіміздің шикізаттан дайын өнім шығарып отыр.
Сауда министрлігі биыл Тәжікстанмен сауда-саттық нығая түсетініне сенімді. Қазір тағам өнеркәсібі, машина жасау, көлік құралдары, мұнай мен металлургия, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңілөнеркәсіп орындары дайын өнімді жіберуге қамданып жатыр екен.
Алуа Әбілова, ҚР Сауда және интеграция министрлігі департамент директорының орынбасары:
Қазіргі таңда Тәжікстан нарығына 138,4 млн. доллардан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 60 түрін ілгерілету бойынша жұмыс жүргізілуде, біз олардың динамикасына тұрақты негізде мониторинг жүргіземіз. Қазақстан тарапының Тәжікстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуге мүдделілігін ескере отырып, осы бағытта жұмыс жасайтын бірлескен кәсіпорын құрылды.
Айта кетейік, жыл сайын Тәжікстанда қазақстандық тауар өндірушердің сауда-экономикалық миссиялары өтеді. Екіжақтың кезекті бас қосуы қыркүйектің 11-і мен 13-і аралығында Душанбе қаласында болмақ.
Әйгерім Ердәулет