Соңғы қоңырау қайтадан 25 мамырда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы қоңырау қайтадан 25 мамырда өтеді

25.08.2023

Соңғы қоңырау қайтадан 25 мамырда өтетін болды. Бұл туралы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде айтылды. «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» тақырыбында өткен жиынға елдің түкпір-түкпірінен 34 мыңға жуық маман қатысты. Сондай-ақ дәстүрлі кеңесте мектеп пен педагог тапшылығы, қауіпсіздік жайы да талқыланды.

Соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады

Биылғы тамыз кеңесінің ерекшелігі барлық 20 өңір тақырыптық бағытқа бөлінген. Мысалы, Қызылорда облысы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мәселесін көтерсе, Ақтөбе облысы «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбын, қостанайлықтар «Инклюзивтік және арнайы білім» тақырыбын талқылады. Алдымен онлайн сессияда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді аттестаттау мәселесіне қатысты жаңалықты мәлімдеді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Ұлттық платформа негізіндегі аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталған. Портфолио, сондай-ақ педагогика және оқыту әдістері бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалім тек өз пәнінен сынақтан өтеді.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Оқу-ағарту министріне мұғалімдердің біліктілігін арттыратын қысқа мерзімді курстар дайындауды тапсырды. «Ал өңір әкімдері өз кезегінде мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту керек», - деді вице-премьер. Және ең бастысы оқу жылын қайтадан 25 мамырға ауыстыруды ұсынды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Министрліктің оқу жылын ұзарту шешімі дұрыс, бірақ асығыс шешім болды. Сондықтан биыл 34 апталық оқу жылына қайта оралған дұрыс деп ойлаймын. Және оны 25 мамырда аяқтау керек. Оқу жылын ұзарту мәселесін 2025 жылдан соң қайта қараған жөн болады.

Бірақ оқу жылын қайтарғанмен білім саласындағы барлық мәселе бірден шешіле кетпейді. Бұған дейін бір ғана Астана мектептерінің өзінде 26 мың орын тапшылығы бар екені айтылған. Биылғы оқу жылында Қазақстанда 154 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін тағы 102 мектеп қосылады. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді дейді министрлік. Орын тапшылығынан бөлек, кадр жетіспеушілігі тағы бар.

Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

Көзделген гранттар шеңберінде 2029 жылға дейін яғни, 7 жылдың ішінде 111 мыңнан астам педагог маман даярлау жоспарлануда. Оған қоса елордадағы кадрлардың жетіспеушілік проблемасын барынша тиімді шешу үшін біз бүгінгі таңда Астана халықаралық университеті базасында педагогикалық коллледж, педколлледж дамыту кешенді мәселесін пысықтап жатырмыз.

Сондай-ақ мектептегі қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Кей білім ордалары бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Бірақ ішкі істер министрлігінің орталық басқару жүйесіне қосылмаған. «Сондықтан алдағы оқу жылында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек», - дейді Оқу ағарту министрі. Себебі оқушы да, ұстаз саны да жыл санап артып келеді. Биыл мемлекеттік грантқа өтінім берген әрбір төртінші талапкер «мұғалім боламын» деген.


Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу