Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы мәдени күндері аясында Шымкент қаласында тәжік шеберлерінің қолөнер бұйымдары көрмесі және ауылшаруашалығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған шарада қонақтар ұлттық мәдениеті пен өнерлерін паш етіп, шаһардың тарихына қанықты.
Бұл тәжік халқының музыкалық рубаб аспабының сүйемелуімен айтылатын шашмаком дәстүрлі әні. Шымкент жұртшылығын осындай өнерімен қарсы алған қонақтар тәжік жерінде өсірілген жеміс жидек пен көкөністерден дәм ұсынды. Олар жәрмеңкеге 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліпті.
Мавжуд Сапор, фермер (Тәжікстан):
Мынаның барлығы да өз елімізде өсірілген көкөністер. Экологиялық таза әрі дәмді. Келушілер ризашылықпен сатып алып жатыр. Бір-бірімізге осылайша дәм ұсыну арадағы достығымызды одан әрі бекемдей түседі деп ойлаймын.
Тәжікстан мен Шымкент шаһарының арасында мәдени байланыстармен бірге кәсіпкерлік және сауда саттық қарым-қатынастар да жыл санап нығайып келеді. Тәжік елі бүгінде кептірілген жеміс пен альюминий бұйымдарын импорттаса, мегаполис кәсіпкерлері оларды өсімдік майы, минералды тыңайтқыш пен киім-кешек және макарон өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
Бүгінде Тәжікстан сенімді сауда серіктесімізге айналды. Соның нәтижесінде арадағы сауда айналым соңғы 5 жылда үш есеге өсті. Яғни 12 миллион доллардан 37 миллион долларға дейін көбейді.
Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шара аясында қонақтар Шымкенттің тарихи орындарымен танысты. Қазақ қолөнер шеберлерінің бұйымдарын қызықтады. Кездесу тәжіксандық өнер майталмандарының гала концертімен аяқталды.
Ғани Қалмаханов