БҚО-да «QazaqGaz» компаниясының станциясы Есет Әзірбаевтың есімімен аталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да «QazaqGaz» компаниясының станциясы Есет Әзірбаевтың есімімен аталды

29.08.2023

Батыс Қазақстан облысында «QazaqGaz» ұлттық компаниясының «Орал» компрессорлық станциясына саланың еңбек сіңірген қызметкері Есет Әзірбаевтың есімі берілді. Бұл - еліміздегі тұңғыш ұлттық газ кәсіпорнын құрушы, академик, қоғам қайраткерін ұлықтау мақсатында қолға алынған игі іс. Сондай-ақ Есет Рауатұлының құрметіне мемориалды ескерткіш ашылып, рухына тағзым етілді.

«ҚазақГаз» ұлттық компаниясының тарихы осы Орал станциясынан бастау алады. Тәуелсіздіктің таңы атар тұста тұңғыш ұлттық газ кәсіпорны құрылып, оның іргетасын көрнекті тұлға Есет Әзірбаев қалады. Қиын-қыстау шақта өндірісті жолға қойып, саланың өркендеуіне зор үлес қосты. Замандастары оның кәсібилігімен қоса, үлкен жүректі азамат болғанын да айтып, құрметпен еске алды.

Таңбай Наушиев, газ саласының еңбек сіңірген ардагері:

Қазан айында 1991 жылы шешім шығарылды. Ұлттық газ компаниясы құрылып, осы Оралда жұмыс істей бастадық. Есет Рауатұлы барлық жағынан жастарға өнеге болатын адам. Үлкен эрудициядан басқа, технологияны жақсы білгенінен бөлек, бұл кісінің адамдармен қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде болды.

Қазіргі «QazaqGaz»-дың тұңғыш президенті 90-жылдары республикадағы 16 газ тасымалдау өндірісін біріктіріп, жеке өндіріс саласына айналдырған. «Қарашығанақ» кен орнын игеруге қатысып, еліміздің мұнай-газ саласына алғашқы шетел инвестициясының құйылуына мұрындық болды. Кеңес өкіметінің ірі газ құбыры желілерінде, шетелде қызмет етті.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:

Есет Әзірбаев үлкен, қиын стратегиялық шешімдер қабылдады. Газ саласы экономиканың ірі қозғау күшіне айналды. Және сол уақытта да ол кісінің көрегенділігі, стратегиялық көзқарасы еліміздің экономикалық стратегиялық нысандарын салуға ықпал еткен. Газ шаруашылықтарын бір компанияға біріктіру осы кісінің идеясы болған.

Әзірбаевтай тұлғалардың ерен еңбегі, өнегелі өмірі – жас мамандарға үлгі. Іс-шараға қатысушылар ірі кәсіпорынның бастауында тұрған тұлғаларды ардақтаған компания басшылығына ризашылығын жеткізді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу