Алматыда аптасына 5 мың баланы қабылдай алатын инновациялық орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда аптасына 5 мың баланы қабылдай алатын инновациялық орталық ашылды

31.08.2023

Алматыда жаңа оқу жылының қарсаңында инновациялық орталық ашылды. Оқушылар онда отыздан астам үйірмелерге тегін қатыса алады. Аптасына 5 мың баланы қабылдай алатын кешенге ертеңнен бастап жазылуға болады.

Бұл жаңа инновациялық орталық тікелей Алатау ауданы тұрғындарының өтінішімен салынған. Өйткені дәл осы ауданда оқушы саны әлдеқайда көп. Мәселен, мегаполистегі 302 мың баланың 55 мыңы осында білім алады. Ал биыл бірінші сыныпқа 6 мыңнан астам бала қабылданып отыр.

Қымбат Жұмағалиева, ата-ана:

Ата-ана ретінде осы ауданның тұрғыны ретінде қуаныштымын. Өзімнің бір ұл, бір қызым бар. Осы жердегі әртүрлі үйірмелерге қатыстырсам деген ойым бар. Ұлым мүмкіндігі шектеулі бала. Айта кететін жағдай мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әр түрлі кабинеттер бар екен.

Иә, мұнда баланың дамуына барлық жағдай жасаған. Логопед, дефектолог, психологтар да жұмыс істейді. Орталықтағы тігін шеберханасы, аспаздық бөлмесі , спорт залдар мен музыкалық студиялар жаңа замануи технологиялармен жабдықталған. Айта кетейік, орталықта студенттер де дәріс бере алады.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:

Бірінші маусымда Президенттің қатысуымен Наурызбай ауданында дәл осындай орталық ашылған болатын. Сондай ерекше екінші орталық Алатау ауданында ашылып отыр. Жаңа өздеріңіз көріп өттіңіздер, бұл орталықта классикалық бағыттағы спорт, би, өнер, музыка бағытындағы үйірмелер бар және де ЖОО, орта арнауы колледжермен тікелей байланыс жасайтын кәсіби бағдар беретін үйірмелердің де ашылуы.

Сондай-ақ мектеп оқушылар физика пәнін виртуалды сыныпта ойын арқылы тереңдетіп оқи алса, зертханалық бөлмелерде өзге де пәндерді жан-жақты меңгере алмақ. Бастысы үйірменің бәрі тегін.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу