Бүгін Парламент жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Парламент жұмысын бастады

01.09.2023

Бүгін каникулға кеткен депутаттар жұмысқа оралды. Қос палата бас қосып, Президенттің Халыққа жолдауын тыңдады. Артынша пленарлық отырыс өткізіп, жұмыс жоспарын тізді. Депутаттар жазғы каникулды қалай өткізген?

Халықпен жүздесу үшін Қазақстанның әр аймағын аралауға кеткен депутаттар 2 айлық үзілістен соң қайта жұмысқа кірісті. Олардың бүгінгі күні қауырт. Құжаттарын арқалап, бір отырыстан екінші отырысқа қарай асықты.

Мәжіліс құрамы бүгіннен бастап бір депутатқа азайды. Ғалымжан Елеуов каникулдан шыға салысымен өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Жаңа қызметке ауысқан әріптесіне өзге депутаттар сәттілік тілеп, шығарып салды.

Өңірдегі тіршілікпен танысқан депутаттардың алда көтерер мәселесі аз емес.

Ұлықбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Құрылыс жайлы мәселе. Жол жайлы мәселе. Қазір мына Қапшағай жолы дұрыс жүрмей жатыр. Өскеменге баратын жол да тұрып қалды. Өйткені халықтың сұрауы сол.

Ал каникулдың 2 аптасында шекарашылармен шекара күзеткен 4 депутат алдағы уақытта қорғаныс саласындағы мәселелерді қозғамақ. Курсанттармен бір палаткада ұйықтап, бір сапта тұрған олар ғимараттардың ескіргенін, замануи техниканың аздығы әрі бұл аумақта интернеттің жоқтығын байқапты.

Олжас Құспенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі:

Егер ішкі дүниесін, құрылымын білу керек болса, оған тереңірек, 15 күннің ішінде ішінде жатып, балалармен араласып, қанша алдамшы бояп қойғанмен бәрібір ол ішіндегі жүйесін біз көріп қайттық.

Ал Ермұрат Бәпи каникулға шықпай тұрып қабылдаған заң жобасын қайта қарауды ұсынбақ. Оның сөзінше, сыртқа кеткен миллиардтардың мәселесі шешілмей тұр .

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз асығыс-үсігіс активтерді елге қайтару туралы заңын қабылдадық. 25 күн ішінде. Бірақ одан бері 2 айдан асып кетті. Не оның өкілетті органы құрылған жоқ, не комиссия құрылған жоқ. Бұл мәселені қайта көтеру керек болып тұр. Мемлекеттік дәрежеде көтеретін мәселе болып отыр.

Айя Мүтәлі, тілші:

Сонымен қатар депутаттар әбден ескірген жылу электр желілерін жаңартуды, мектеп тапшылығын шешуді, банк жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынбақ. Азық-түліктің қымбаттығы да бұдан кейінгі отырыстарда жиі айтылады. Осылайша, жаңа саяси маусымда депутаттық сауалдың тағы көбейетіні анық.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу