Осы аптада Ақорда мен Үкіметте болған кадрлық өзгерістер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Ақорда мен Үкіметте болған кадрлық өзгерістер

03.09.2023

Жұма күні жолдаудан кейін Президент Әкімшілігінің құрылымын қайта құру туралы Мемлекет басшысының жарлығы шықты. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары лауазымдары жойылды. Осылайша, Президент Әкімшілігінің төрт бөлімі қысқарды. Жаңартылған құрылымға сәйкес енді Президент Әкімшілігінің Басшысы, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Президент Кеңсесінің Бастығы, Президенттің көмекшілері, Президенттің кеңесшілері лауазымдары болады.

Осы өзгерістерге сай бірнеше адам қызметінен босатылып, Ақордада ауыс-түйіс басталды. Кейбірі жаңа қызметтерге сол күні-ақ тағайындалды. Ал сенбі күні жаңадан құрылған кей министрліктердің басшылары белгілі болды.

Марат Қарабаев Көлік министрлігін басқарады. Ол осыған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған. Мәдениет және ақпарат министрі лауазымына Аида Балаева тағайындалды. Ол бұған дейін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болған. Сауда және интеграция министрлігін Арман Шаққалиев басқарады. Ол осыған дейін бірінші вице-министр болатын. Бұрынғы министр Серік Жұманғарин Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалды. Президент Жарлығымен Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Ал Тамара Дүйсенова министр қызметінен босатылып, вице-премьер лауазымында қалды. Жаңадан құрылған Туризм және спорт министрлігіне бұған дейін Ақмола облысының әкiмі болған Ермек Маржықпаев келіп жатыр.

Көптің көкейінде «Үкімет басшысы ауыса ма? Өзге министрлер орнында қала ма? Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне кім келеді екен?» деген сұрақтар бар сияқты. Бұл сауалдарға жауап келесі аптада берілуі мүмкін.


Хабарламаларға жазылу