Қазақстандағы мектеп мәселесі: 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн 100 мыңға жетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы мектеп мәселесі: 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн 100 мыңға жетуі мүмкін

03.09.2023

Қыркүйек келсе, Қазақстан мектептерінің мәселесі қайта көтеріледі. Жылда айтылатын жырға айналған. Алдымен балалар сыныпқа сыймайды. Бір ғана Астананың өзінде биыл 26 мың орын тапшылығы бар. Тіпті, әлеуметтік желіде: «Елорда мектептерінде бір сыныпта 50 баладан отырады» деген ақпарат тараған. Бірақ қалалық Білім басқармасы мұны үзілді кесілді жоққа шығарды. «Бір сыныпта әрі кетсе 30-35 бала оқиды» дейді жауапты мекеме.

Орын жетпегендіктен, мектептер үш ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр. Бас қаланың өзінде үш ауысыммен оқытатын 8 мектеп бар. 18 орта білім ордасы шамадан тыс толып кетіпті.

Жайық Махсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық жобалар басқарма басшысы:

Қазіргі таңда елімізде 71 мектеп апатты деп танылған. Және 136 мектеп үш ауысымда оқытуда жүргізуде. Биылдан бастап «Жайлы мектеп» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 740 мың оқушы орнына жаңа 369 мектеп берілетін болады.

Дегенмен, осы Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаменті жақында мынадай жағымсыз есеп жариялады: 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн 100 мыңға жетуі мүмкін. Қазір Қазақстанда 7700 мектеп бар. Биыл 382 мың бүлдіршін 1-сыныпқа барды. Жалпы, оқушы саны: 3 млн 900 мың. Ал 3 жылдан кейін 4,5 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Демек, Ұлттық жоба аясында салынатын 369 мектеп те мәселені түбегейлі шешпейтін сияқты. Осы орайда тағы бір дерек: 30 жылда 1600 мектеп жабылып қалыпты. Бұл дегеніміз: тап қазір жетіспей тұрған он мыңдаған орын. Тапшылық қалаларда қатты сезіледі. Урбанизация салдары. Ал жұрт жаппай көшіп кеткен ауылдарда 2-3 қабатты ғимараттар қаңырап тұр...

Тағы бір мәселе: мектептегі қауіпсіздік. Ішкі істер министрлігі 6000-дай білім ордасын тексерген. Сөйтсе, оның 3000-ға жуығы талапқа сай болмай шыққан. Яғни, әрбір екінші мектеп қауіпті деуге болады. 24 басшыға жалпы сомасы 5,5 миллион теңге айыппұл салынған.


Хабарламаларға жазылу