Елімізде өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс қарқыны соңғы 5 жылда 2,2 есеге артқан. Былтыр 21 триллион теңгедей соманың тауары шығарылды, ол жалпы ішкі өнімнің 13 пайызын құрайды. Десе де, кәсіпкерлер өндіріс қуатын бұдан да жоғарылатуға қауқарымыз жетеді дейді. Техникалық мүмкіндік пен маман тапшылығы ғана қолбайлау екенін айтады. Президент өз Жолдауында дәл осы өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруі жайына тоқталған еді.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Мұнай, тау-кен өндірісіне қажетті арнайы техниканы жасап шығаратын бұл зауытта бас-аяғы 500 ірі техника бар. Олардың түгел тозығы жеткен деп отыр мамандар. 70-жылдары іске қосылған бұл техникаларды жыл сайын күрделі жөндеуден өткізіп, әупірімдеп жұмыс істеп келе жатырмыз дейді.
Ескі құрылғылардың көмегімен жылына 300 ауыр машина жасап шығарылады. Оның 30 пайызы экспортқа кетеді. Зауыт өкілдері, Үкімет салықтық жеңілдік берсе, өндіріс қуатын екі есе арттыруға мүмукіндік бар деп отыр.
Мақсат Қанатбаев, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:
Президент айтып тұр ғой, бізде салық өте көп. Соны азайтса, қалған қаражатты өндірісті дамытуға жіберсек, жақсы болар еді. Былтыр біз 500 миллион теңге салық төледік.
Президент жолдауында өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруі жайы қамтылған. Ал отандық өнімнің үлесін арттыру үшін тың техника мен қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы түзелсе жеткілікті. Темірді 170 градуста балқытып, одан ауыр машина жасайтын мамандардың жалақысы бүгінде 350 мың теңгенің төңірегінде. Жұмыс қиын болғандықтан, жастар тұрақтамайды
Сержан Жақсылықұлы, цех басшысының орынбасары:
Әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Кезінде 10 жыл істесе 50 жасында пенсияға шығатын. Соны қайта әкелу керек, жатақхананы қайта әкелу керек. Баспананы қайта әкелу керек деп ойлаймын.
Ал жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібі саласына соңғы 5 жылда 7 жзарым триллион теңгедей инвестиция тартылған. Мұның өзі де жеткіліксіз деген ведомство өкілі зауыттарда еңбек етіп жүрген 500-дей маманды шетелдік кәсіпорындарға тәжірибе жинақтауға жібереміз деп отыр.
Лаура Садықова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры:
Біздің ойымызша, салық саясаты мен өнеркәсіп саясаты бір бағытта жылжуы керек. Себебі өзіміз отандық кәсіпорындарымызды бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыру үшін тиімді салық саясатын қалыптыруымыз керек. Жалпы, алдымыздағы мақсатымыз 2030 жылға дейін 1 мың 104 инвестициялық жобаны іске асырамыз ба деген ойымыз бар, жалпы құны 36 триллион , 170 мың жұмыс орны ашылады деген жоспарымыз бар.
Алдағы күндері Жамбыл облысында кальциленген сода өндіретін зауыт, Қарағанды облысында тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ, Ақтөбеде кремикалық плиталар өндірісі іске қосылмақ. Металлургия мен мұнай, тамақ, машина жасау және құрылыс материалдарын шығару ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар
Әйгерім Ердәулет