Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданады

04.09.2023

Үкімет биылдан қалмай 2030-шы жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауы керек. Ол жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекелдердің алдын алуға және болдырмауға бағытталады. Мысалы, Қарағанды облысында жыл басынан бері 90-ға жуық жазатайым оқиға болып, 17 адам көз жұмған. Тағы 100-ден астамы жарақат алған. Бұдан былай зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі? Толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатсын.

Төлеутай Жакулин ұзақ жылдар бойы көмір шахтасында еңбек еткен. Жеті қат жер астындағы қара жұмыстың қиындығын бір адамдай біледі. Сондықтан қауіпсіз еңбек тұжырымдамасынан үміт күтеді. Себебі кен орындарында істейтін таныстары мен жақындары жетерлік.

Төлеутай Жакулин, ардагер кенші:

Елу жылда бірнеше травма алдық, бірнеше жағдайлар болды. Шахтердің жұмысы деген жұмыс бұл ең ауыр жұмыс. 94-ші жылға дейін шахтада істедік, денсаулық нашар, оның барлығы осы условиядан, ешқандай условия жоқ қазір, ешқандай жағдай жоқ.

Қарағанды индустриялды аймақ. Шахталар мен кәсіпорындарда өлім-жітім жиі болады. Мысалы соңғы екі жылда 37 адам көз жұмған. Ал жарақат алғандар бұдан бірнеше есе көп. Мүгедек арбасына таңылып, өмір бойына мүмкіндігі шектеулі қалғандары қаншама. Әр жағдайды жіті тексеретін мамандар жазатайым оқиғалардың басты себептері мынада дейді.

Ирина Любарская, Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

Қайғылы жағдайларды сараптай келе, біз жұмыс берушілер тарапынан ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігін, сандық жүйеге көшу ісінің кешеуілдеп жатқанын аңғарып отырмыз. Кәсіпорындар жұмысшыларды оқытуға, модернизациялық тұрғыда жаңаруға асықпайды. Қазір облыстағы 8 кен орнының тек екеуінде жер асты бақылау камералары бар. Ол Күзембаев және Қазақстан шахталары.

Кен орындарында апттың жиілеп кеткені рас. Сондықтан мамандар үкіметтік деңгейде «еңбек нормасын» енгізу керек деп есептейді. Бірінші кезекте еңбек кодексіндегі жұмыс берушінің жұмыс кестесі мен көлемін өзі реттеу тетігін жою керек.

Андрей Лукин, "Қорғау"көмір өндірушілер кәсіподағының техникалық инспекторы:

Қазір кез-келген жұмыс беруші нормативті өзі өзгерте береді. Себебі осы мәселеге келгенде мемлекет тарапынан реттеу қарастырылмаған. Салдарынан белгілі бір көлемді орындау үшін аз адам үлкен жұмыстарға жегіледі. Регламенттегі барлық талап жұмыс берушінің бұйрығымен-ақ сырылып тасталады. Салдары бәрімізге аян. Сондықтан еңбек тұжырымдамасы осындай маңызды мәселеден басталуы керек деп есептеймін.

Сарапшылар пікірінше, жұмыс барысында жарақат алғандар мен жазым болғандардың 60 пайызы 55 жастан асқандар. Өз кезегінде Президент халыққа арнаған Жолдауында мұндай азаматтарға зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем берілу қажеттігін айтты. Төлеутай Жакулин сынды денсаулығын қара жұмысқа берген жандар бұл жаңалық игіліктің бастауы деп біледі.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу