Бес адамның өмірін жалмаған Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында болған апат бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Үкіметтік комиссияның жұмысы тағы 10 күнге ұзартылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова мәлімдеді.
Оның айтуынша, шахтаның апаттық учаскесінде 27 құтқарушы жұмыс істеп жатыр, қосымша көмекке 14 кенші жұмылдырылған. Сондай-ақ тоғыз бөгет тұрғызылды. Оның үшеуінің құрылысы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 17 тамызда Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тиесілі «Қазақстан» шахтасында апат болып, 5 адам көз жұмған еді. Қазір шахтадағы жұмыс толықтай тоқтаған. 600-дей жұмысшы басқа шахталарға ауыстырылды.