Ақтөбе облысының Кенқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдарының тұрғындары түгелдей газға уланып қала жаздады. Ауруханаға сегіз адам түскен. Оның төртеуі бала. Оқиға өткен түнде болды. Газ қондырғысындағы жөндеу жұмыстарынан кейін көгілдір отын қайта қосылған кезде, үйлердің ішін өкір иіс жайлаған. Тұрғындар иіс кетем дегенше бала-шағаларымен далада жүруге мәжбүр болған.
Ауыл тұрғындары осылайша өткен түнді ұйқысыз өткізді. Әсіресе, балалар бастары айналып, іштері ауырғанын айтып шағымданған. Дәрігер көмегіне төрт ересек адам мен төрт бала жүгінген.
Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Қарағаннан кейін төрт адам амбулаторлық бақылауға жіберілген еді үйлеріне, төрт адам бізде динамикалық бақылауға Кенқияқ ауруханаға жатқызылған болатын. Басқа шағымданушы, егер де ондлай шақырту түсетін болса, барып қарайды, қажетті көмегін көрсетеді.
Бұл жағдай бес ауылға газ тарататын қондырғыдағы жөндеу жұмыстарынан кейін болып отыр. Яғни, кранды ауыстырғаннан кейін ереже бойынша құбырда ақау бар-жоғын анықтау үшін күшті иісі бар одорант деген қоспа жіберіледі. Мамандар дәл осы қоспа қажетті мөлшерден артық жіберілген болуы мүмкін дейді.
Тұрар Қожанов, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы:
Бұның бәрі ережеге сәйкес қосылатын қоспалар ғой.Технологиялық процесте көрсетілгн заттарн.Біз де осының себебін анықтайтын боламыз.Не үшін адамдарға әсер еткенін.
20 мың шамасында тұрғыны бар 5 ауылға көгілдір отын бүгін қайта беріле бастады. Мамандар енді ешқандай иіс те, қауіп те жоғын айтып отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай 2022-інші жылы да болған. Сондықтан олар өңірдегі мұнай өндірумен айналысатын компаниялар мен газ тарату мекемелеріне қатаң талаптар қойылып, жауапкершілікті арттыру керек дейді.
Жақсыбек Кемал