Мемлекет басшысы Алматыдағы спорт базасын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Алматыдағы спорт базасын аралады

06.09.2023

Мемлекет басшысы Республикалық олимпиадалық даярлық базасын аралап көрді. Қазір мұнда бірнеше спорт залы, атлетикалық манеж, мұз аренасы, әкімшілік ғимарат пен қонақ үй салынған. Ал бассейн, стадион, атыс алаңы мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып қалған. Халықаралық стандарттарға сай бұл кешенде спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларды даярлау жоспарланған. Инфрақұрылым 2300 спортшыға арналған. Мұнда жаттығу ғана емес, әлемдік және республикалық жарыстарды да өткізуге болады. Спортшылармен әңгімелескен Президент «Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз», - деді.

Президент студенттермен кездесті

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сүлеймен Демирел атындағы университетке барды. Президент жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, университетті одан әрі дамыту стратегиясымен танысты. Білім ордасында 8,5 мыңнан астам студент оқиды. Оның ішінде шетел азаматтары да бар. Ал профессорлар саны – 500-ге жуықтайды. Президент жас оқытушылармен, ғалымдармен, студенттермен әңгіме кезінде білім беру жүйесіне озық әдістерді енгізу маңызды екенін айтты.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу