Ресейде қазақ тілінен сабақ беретін маман тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақ тілінен сабақ беретін маман тапшы

08.09.2023

Ресейдің Свердлов облысында тұратын қазақтар ана тілін үйренуге ниетті. Қандастарымыздың айтуынша, жастар мен ересектердің арасында тілге деген қызығушылық жоғары. Бірақ, қазақ тілін оқыту бойынша мәселе көп екен.  Свердлов облысында 4000-нан астам қазақ қоныс тепкен. Қиырдағы қандастар тарихи отанымен мәдени-гуманитарлық байланысты үзген емес. 2018 жылы қазақ тілі факультатив пән ретінде өткізіліп тұратын. Қазір сабақ тоқтатылды. 

 Ғалия Аманжолова, «Еуразия-Қазақстан» ұйымының вице-президенті:

Басты себеп-кәсіби маман жоқ. Тілді жетік меңгерген қандастарымыз өз еркімен осылай факультативті сабақ өткізіп тұрды. Қазір «Отандастар» қоры онлайн түрде тіл курстарын өткізіп тұрады. Жастардың құлшынысы жоғары.

Мамандар Қазақстанмен байланысты арттырғысы келеді. Шекаралас аймақтармен тілді оқыту бойынша ортақ жобалар керек дейді. Бүгінгі күні Алтай өңіріндегі қазақтар арнайы оқулықтар шығарды, ол тіркеуден өтті. Жуырда Ресейдегі барлық өңірлерге таратылады. 

Жанат Қаракөбенова, Қазақ диаспорасының өкілі:

Үйренем деушілердің саны өте көп. Талпынушылар жастардың ортасында да, үлкен азаматтардың ортасында да бар. Бізде мәселе қазақ тілі мектебі болса, қазақ тілінен көбірек оқулықтар болса дейміз.

Жалпы Свердлов облысында екі қазақ ұйымы бар, олар «Еуразия-Қазақстан» және «Орал қазақтары» деп аталады. Аталған ұйымдар Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниетті.  


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу