Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Киікті ауылында қияр өсіріп табысқа кенеліп, тері илеп жүген, қамшы өріп жүрген еңбек адамы тұрады. Темір жол саласында 40 жыл еңбек еткен Айдар Айқынбаев бүгінде жылыжай салып, жұрттың алғысын арқалап жүр.
Жылыжайдан күніне 1 центнерге дейін қияр жиналады. Кәсіпкер өнімін маңайдағы бірнеше елдімекенге өткізіп отыр.
Айдар Айқынбаев, кәсіпкер:
Теміржолда еңбек еттім. Кәсіп ашқым келді. Қиярды көрейін дедім. Киік қана емес, Босаға. Мойынты, Ақадырға салам деп отырмын ендігі жылы.
Айдар Айқынбаев ұзақ жылдар темір жол саласында жұмыс істеген. Денсаулығы сыр берген соң ауыр жұмысты тастауға тура келіпті. Алайда, көптен бері ойлап жүрген жылыжай кәсібін ашуды қолға алады. Жобасын ұсынып, 690 мың теңге қайтарымсыз грант қаражатына қол жеткізеді. Сөйтіп үйінің маңайынан жылыжай салды. Қазір бұл отбасылық кәсіпке айналған. Мұнда қиярдан бөлек, қарбыз бен қызанақ та өсуде.
Гүлнәр Айқынбаева, жұбайы:
Жылыжай салу туралы жолдасым ұсыныс айтты. Біз қолдадық. Басында әрине күдік болады ғой. Көріп отырсыздар. Ісіміз алға басып отыр. Күнделікті 80-100 келіге дейін жинаймыз.
Жігіт ағасы қолөнерден де құр алақан емес. Тері илеудің өңдеудің һас шебері. Алдымен теріні талқыға салып, иі қанғанша илейді. Дайын болған қайыстан таспа тіліп, қамшы өреді, өзге де ат әбзелдерін жасайды. Атадан әкеге берілген өнерді ұлдары да жетік меңгеріп алған.
Ақан Айқынбаев, ұлы:
Бала жасынанан осы теріні илеп, қамшы өріп. Үлкен әкемізден келе жатқан үрдіс. Әкем бізді үйретуде қайыс илеуді. Қамшы өреміз. Жүген өреміз. Үйреніп келе жатырмыз. Цех ашсам деген арманым бар.
Әуесқой қолөнер шебері шағын шеберханасына тігін машинасын да сатып алыпты. «Кейбір ат әбзелдерін жасау үшін бұл өте ыңғайлы құрал»,-дейді ол.
Руслан Нұрланұлы