Жамбыл облысында «Райыс» су арнасының құрылысы аяқталмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында «Райыс» су арнасының құрылысы аяқталмай тұр

11.09.2023

Жамбылдық дихандарды «Райыс» су арнасының 4 жылға созылған құрылысы титықтатып отыр. Судан қағылдық деген шаруалар жөндеу жұмысының сапасыз жүріп жатқанына наразы. Бұған дейін ені 4 метр болса, жөндеу жұмыстарынан кейін екі есе қысқарып қалған. Енді секундына 3 текше метр су өтетін арнаға 1,8 текше метр су сыймай, далаға ағып жатыр. Ал каналдың қоршаулары әр жерден құлап қалған. Салдарынан алқаптарына ағын су жеткізе алмаған шаруалар шығынға батқандарын айтады. Ал арна арқылы Айша бибі ауылдың округіне қарасты 200 қожалық су ішеді. Егістігі қураған ел канал құрылысына бөлінген 2 млрд теңгеге жуық қаржы босқа кетті деп санайды.

 Ерғали Құдайбергенов, диқан:

Су өте тапшы, 4-5 жыл болды. Мына каналды жөндейміз деген жылдан бері мына су құрыды ауылдан. Пәленбай млрд ақша осында төгілді, ешқандай сапа жоқ. Талқанын шығарды, жіңішке қылып тастады, содан бері жылда құлайды.

Ал аудан атқамінерлері құрылыстың созылып кеткенін мойындайды.

Жалпы 8 шақырымға жуық бөлігі жөнделіп жатқан канал 85 пайызға дайын деп отыр. Сондықтан суару маусымы басталғалы су жеткізу тоқтамаған. Алайда арнаның аяғындағы кей шаруашылықтарға жетпей қалады. Ал каналдың келте болып қалуына байланысты кеңету жұмыстары қазан айында басталмақ. Жөндеу жұмысы жыл аяғында толық бітеді деп сендірді. Ал ағын судың аздығынан аудан бойынша 52 гектар қант қызылшасы мен 13 гектар жүгері алқапы қурап қалған. Тіпті көп жылдық өсімдіктерге жататын 10 гектар жоңышқа да күйіп кеткен.

Ербол Жиенқұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

Сметаның дұрыс болмауына байланысты, құрылыс жұмыстарының, пандемияның әсері болғанына байланысты тағы бір жылға ұзартты. Жамбыл ауданында 74 гектар жерге 40 млн теңге шығын келді деп шамамен есептеп отырмыз.

Осы ағын су мәселесі бойынша, Киров, Орта-Тоқай және Тоқтағұл су қоймаларының деңгейін сақтау негізінде қазақ-қырғыз тарапы ортақ келісімге келді. Енді елімізге су жеткілікті мөлшерде келу үшін көршіге электр энергиясын жеткізетін боламыз. Еске салайық, биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде Қырғызстаннан су келмеуі салдарынан қатты қуаңшылық орын алды.


 Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу