Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы кешеуілдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы кешеуілдеді

12.09.2023

Солтүстік Қазақстан облысының диқандары егіннің 32 пайызын ғана жинап үлгерді. Тамыз айының үшінші онгүндігінде толассыз жауған жаңбыр салдарынан орақ науқаны жылдағы көрсеткіштен 20 пайызға кешеуілдеп жатыр. Шамадан тыс ылғал майлы және дәнді дақылдардың сапасына да кері әсер етіп отыр.

Жаз бойы жалғасқан қуаңшылық күзде толассыз жаңбырға ұласты. Салдарынан шаруалар кестедегі дақылды дер кезінде жинап үлгермеді. Облыс бойынша 250 мың гектар алқаптың егіні осылай бүлініп жатыр.

Максим Золотилин, диқан:

Былтыр осы уақытта егіннің бәрін жинап болғанбыз. Биыл 3 апта бойы жаңбыр болып, кестеден кешігіп қалдық. 600 гектар алқаптың 20 пайызын ғана орып үлгердік. Түсім жаман емес. Гектарынан 20 центнерден шығып жатыр.

Биыл өңірде 4,5 млн гектар алқапқа тұқым сіңірілген болатын. Егін орағы тамыз айының ортасында басталды. Мамандар ауа райы қолайлы болса, науқан қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп отыр.

Күзгі дала жұмыстарына 13 мың техника жұмылдырылған. Егін орағына 59 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды кептіруге шаруаларға қосымша дизель отынын беру мәселесін қарастыруда.

Эльмира Кәленова, тілші:

Шаруалар егіннің түсімін емес, шығынын есептеп әлек. Айтуларынша, биылғы өнімнің 30 пайызын жоғалтып отыр. Мына бидай енді мал азығына ғана жарайды.


Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу