Мектепті діни ағымдар ордасына айналдырмау керек. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов білім ошағына хиджабпен бару-бармау мәселесіне қатысты осындай пікір білдірді. Оның сөзінше, оқушының басты міндеті – білім алу. Ал мектеп формасы министрлік бекіткен стандартқа сай болуы тиіс. Бұл орайда спикер мұғалімді де, баланы да басқа мәселемен алаңдатпауымыз қажет деді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
Бұл мәселе жөнінде алуан түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, Конституциямызда, басқа заңдарымызда анық көрсетілген. Ата заңымыз дін бостандығына шектеу қоймайды, өзінің діни рәсімдерін жасаймын деушілерге кедергі жоқ. Алайда мектептерді саяси бағыттар мен діни ағымдар ордасына айналдыруға болмайды.