Түркістан облысында мұғалімдер интернет іздеп көше кезуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мұғалімдер интернет іздеп көше кезуге мәжбүр

15.09.2023

Түркістан облысы Аққұм ауылы мұғалімдерінің интернет іздеп тұрған суреті бүгін барлық әлеуметтік желіге тарады. Ұстаздардың бұлайша ноутбугін көтеріп, көше аралап жүргендеріне бірталай жыл болыпты.

Аққұм ауылының мұғалімдері интернет іздеп күн сайын 10 шақырым жердегі көрші ауылға сабылады екен. Күн жылыда нотбуктерін ашып жіберіп, жол жиегіне қаз-қатар шоқиып отыра кетеді. Электронды күнделікке оқушылардың бағаларын қояды. Сабақ жоспарын жазып, тоқсандық есеп әзірлейді. Ал күн суытты дегенше ғаламтор желісі бар таныстарының үйі мен дәмханаларды жағалап кетеді. 

Құралай Қожабергенова, бастауыш сынып мұғалімі:

Кішігірім кафе бар таныстар болған соң кіреміз. Ол жерде ішімдік ішіледі. Бір бұрышында отырып, жұмыс жасаймыз. Тоқсанның басында соңында отчет жасағанда түнгі 12-1 ге дейін істейміз.

Алмасбек Сарман, информатика пәнінің мұғалімі:

Көрші ауылға барып, керекті сабақтарымызды өзімізге жүктеп әкеліп, слайдпен көрсетеміз. Тек қана теория жүзінде кітаппен жұмыс жасаймыз. Интернет практика жоқ.

Ұстаздардың айтуынша, мектептегі компьютерлер көрмедегі бұйым секілді құры тұрады, оқушылар оны пайдаланып көрмеген. Себебі, интернет жоқ. Негізінде мектеп ғаламтор желісіне қосылған. Бірақ жылдамдығы өте төмен. Айына бар болғаны 10 гигабайт қана трафик беріледі. Ол әрі кеткенде үш күнге ғана жетеді. Интернет сапасын жақсарту үшін енді ауылға оптикалық талшықты желі тарту жоспарланып отыр. Әкімдік өкілін тыңдайық

Ерсайын Нұрлыбек, Қазығұрт ауданы әкімшілігінің бас инспекторы:

Базалық станцияға оптикалық талшықты желі керек. Ұсындық бұл елді мекенді. Бекітілді. Ағымдағы жылы немесе келесі жылы оптика желісін жүргізу басталады. Сол кезде сапасы жақсарады деген үміт бар.

Интернетті жақсартуға бұған дейін ауыл азаматтары талаптанып көрген. Өз қаржысына 45-50 метр болатын биік мұнара орнатып беретін демеушілер де табылған. Алайда оған операторды көндіру мүмкін болмапты. Аққұмдықтарға енді биліктің уәдесін күткеннен басқа амал қалмай тұр.


Хабарламаларға жазылу