Павлодарда төрт қабатты үш тұрғын үй құлауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда төрт қабатты үш тұрғын үй құлауы мүмкін

20.09.2023

Павлодарда төрт қабатты үш тұрғын үй құлауы мүмкін. Қазір әкімдік тарапынан шұғыл түрде арнайы комиссия құрылып, бұл үйлердің адам өміріне қаншалықты қауіпті екендігі тексеріліп жатыр. Тіпті, техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

Бұл кеңес одағы тұсында салынған соңғы үйлер. Іргетасы мықты болғанымен қабырғалары сөгіле бастапты. Себебі құрылысты Тұрғын үй комбинаттары мен трестер бастап, студенттер аяқтаған. Сапасыз салынғаны сыртынан-ақ көрініп тұр. Қасбеті қырықжамау. Жаз бойы ұйықтамай шықтық дейді тұрғындар.

Ерсан Нығманов, қала тұрғыны:

Даладан шыбын, жел бәрі кіріп жатыр. Жарық өшірсек мына тесік далаға шығады. Анау балка бытшыт болып отыр. Менің кішкентай балам бар. Біз қорқамыз. Қыста не болады?

Марина Ватуля қазір пәтерінде жалғыз тұрады. Үш баласын туыстарына жіберіпті. Жатын бөлмесі мен ас үй тұтас панелден салынғандықтан аса қорқынышты емес. Ал кіре беріс дәліздің төбесі тірек бақанға сәл ғана ілініп тұр. Кез келген уақытта құлауы мүмкін дейді.

Марина Ватуля, қала тұрғыны:

Біз тұрғын үй инспекциясына ресми хат жазған едік. Олардан сіздер жекеменшік иесісіздер, сондықтан біз араласпаймыз. Өз күштеріңізбен жөндеп алыңыздар деген жауап алдық. Соңғы жаңбырлардан кейін үйіміздің қабырғалары қисайып, пәтерлердің төбесінде тесік пайда болды. Өте қорқынышты.

Апатты үйді көруге қала әкімі келді. Дереу төтенше жағдай қызметі, қоғамдық денсаулық, қала құрылысы бөлімі мамандарын жинап арнайы комиссия құрды.

Хасар Хабылбеков, қала әкімі:

Жағдай өте күрделі. Сондықтан жедел түрде техникалық сараптама жасауды тапсырамын. Үйдің төбесін ашып, қабырғалардың неліктен қисайып бара жатқандығын анықтау керек. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз.

Бір апта бұрын әкімшілік арнайы бригада жалдап үйдің төрт бұрышын темір құрсаумен шеңгелдеп тастауды ұйғарған екен. Бірақ құрылысшылар бұдан нәтиже жоғын айтып, жұмысты тоқтатыпты. Екінші бір мәселе төтенше жағдай жариялайтын болса 20-дан астам пәтердің тұрғындарын ескі үйден көшіру керек. Нақты шешім ертең белгілі болады.


Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу