22 мың сағат: Шымкенттік дәрігер он бес жыл уақытын хирургиялық ота жасауға сарп еткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

22 мың сағат: Шымкенттік дәрігер он бес жыл уақытын хирургиялық ота жасауға сарп еткен

21.09.2023

Операция үстелінің жанында өткен 22 мың сағат. Медицина саласында еңбек еткен 15 жылының ішінде шымкенттік дәрігер Еркін Медетов осыншама уақытын хирургиялық ота жасауға сарп еткен. Еңбекқорлығымен көпке сыйлы болған маман бүгінде ғылыми ізденіс жалғастырып, медицинаның озық тәжірибелерін әріптестеріне үйретуде.

Еркін Медетовтың күнделікті 12-14 сағаты ауруханада өтеді. Ем-домның науқастарға қалай әсер етіп жатқанын, нәтижесін бақылайды. Арасында бірнеше операцияға да қатысады. Ал демалыс күндері көрші елдерге барып, шетелдік әріптестеріне көмектеседі. Оларды үйретеді.

Еркін Медетов, нейрохирург:

Бір отаны ендіру үшін 8-12 сағатты тауықтың қанатындағы тамырларды тігумен өткізетінбіз. Себебі оны адамға жасамас бұрын қолды әбден шынықтыру керек. Бұл сондай еңбектің арқасы.

Дәрігердің шипалы қолының арқасында дертіне дауа тапқандардың бірі – Әбдікерім Сәрсенбаев. Қан қысымының аса жоғары болғанына қарамастан операция сәті өтті. Бетіндегі семіп қалған тамырдың бірін алып тастағанна кейін науқастың жағдайы жақсарып келеді.

Әбдікерім Сәрсенбаев науқас

Күніне 2-3 рет келеді жағдайымды сұрап. Өзінің патиентін ата-анасындай көріп келетін шығар. өз жұмысына, антына адал адам екен.

Еркін Медетов дәрігерлікпен қатар ғылым жолындағы ізденістерін де жалғастырып келеді. Ғылым докторы қазір медицина академиясының 11 бітіруші түлегіне хирургия бойынша жетекшілік жасайды. Дәріс оқиды.

Жомарт Құдайберген, резидентура тәлімгері:

Науқастар түнгі сағат 3-4-те шұғыл жағдаймен түседі. Сол уақытта ангиографпен тамырларды тексеріп, қажет болса түнде де операция жасай береді. Еңбекқорлығын содан-ақ көруге болады.

Елордададағы ұлттық нейрохирургия орталығында жұмыс істеген маман 30-дан астам елде тәжірибе жинаған. Қазір Шымкентке келіп, операцияның 60-қа жуық жаңа технологияларын ендіруде.

Еркін Медетов, нейрохирург:

Адамда өзінің жұмысына деген қызығушылық болу керек. Жұмысын әрі қарай дамыту керек. Біріншіден, өзіңе ұнайтын мамандықты таңдау, екіншіден жасап жатқан жұмысыңның нақты нәтижесі өте үлкен рөл ойнайды.

Шымкент қалалық ауруханасының неврология бөлімінде жылына 1 мыңға тарта операция жасалады. Оның үштен бірі Еркін Медетовтың қатысуымен өтеді. Дәрігерден шипа іздеп келетін жандар өте көп. Ол мұндай абырой мен құрметке тынымсыз еңбек пен қажырлы қайраттың арқасында жетіп отыр.



Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу