1-ші қаңтардан бастап қазақстандықтар саусақ іздерін тапсыруға міндетті. Одан бас тартқандарға айыппұл салынады. Яғни, дактилоскопиялық тіркеу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлік, паспорт, шетелдіктің тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін ресімдеу кезінде жүргізіледі.
12 жасқа дейінгі балалардан басқа, барлық азматтар мен ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға ерікті түрде тіркелуге болады. Саусақ іздерін алудан, яғни, міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартқандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 443-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Нұржан Жаңабаев, Көші-қон қызметі комитетінің Халықты құжаттандыру және тіркеу басқармасының аға инспекторы:
Дактилоскопиялық тіркеудің негізгі мақсаты – адамдардың мүддесін қорғау. Заңсыз құжаттандыру фактісін болдырмауға және жалған құжат жасаудан, оның иелерін алаяқтық және басқа да қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.
Иә, сонымен саусақ іздерін алу процесінің көмегі қандай? Дактилоскопиялық тіркеу – мемлекеттік шекараларды кесіп өту рәсімін жеңілдетіп, жазатайым оқиғаларда, техногендік және табиғи апаттарда жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетеді. Дактилоскопия – бұл саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Яғни, саусақ ізінің кімдікі екенін анықтайды.
Саусақтағы папиллярлық сызықтар ана құрсағында жатқанда пайда болып, өмір бойы өзгеріссіз сақталады.