Шетелдегі табысты жұмысқа барамыз деп 300-ден астам адам алаяққа алданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі табысты жұмысқа барамыз деп 300-ден астам адам алаяққа алданған

25.09.2023

«Ағылшын еліндегі табысты жұмысқа барамыз деп тақырға отырдық». Осылай деген алты облыстың тұрғындары алаяққа алданғандарын айтып, облыстық полиция бөлімшесіне барды. Айтуларынша, серіктестік 300-ден аса адамды сәуір айында сырт елге апарып, жылыжайға құлпынай теруге кіргізу керек болған. Жұмыс іздеген жандар кемі 300 мыңнан 2 жарым млн теңгеге дейін санап беріпті. Бұған визадан бастап, билет құны және жатын жермен қамту қызметтері кірген. Ал айлық көлемі 1 млн 200 мың теңге болады деген. Алайда алыс сапарға әні-міні барамыз деп жүрген компания қызметкерлері соңғы бір айда мүлде байланыссыз кетеді. Алданған азаматтардың қатарында Алматы, Қызылорда, Шымкент және Орал қаласының тұрғындары да бар. Жұрт болып жинап берген қаржының жалпы көлемі жарты млрд теңгені құрайды.

Нәзира Тәтиева, Тараз қаласының тұрғыны:

Алаяқтық қой енді, не кеткеніміз жоқ, не келгеніміз жоқ! Не ақша жоқ, не жұмыс жоқ. Айлық бізде жақсы болса, шетелге қаңғып неміз бар?! Жұмыс жылыжайда деді. Айына млн табасың деді. Жарнамасында да солай жүр.
Тақырға отырғандар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып шаршадық дейді. Алайда өтініштері тек «Азаматтық іс» деп жылы жабылып келген. Енді құрамында қылмыстық әрекеттердің бары негізге алынып, іс қайта ашылған. Ал азаматтарды шетелге шығарып, жұмыспен жарылқаймын деген компания басшысына іздеу жарияланды.

Алмас Саламатов, облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары:

Жамбыл облысында тіркелген ЖШС-ның атына адамдар ақшаларын берген. Сол бойынша қазіргі таңда бізде ҚК 190-шы бабымен, ҚК тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу