«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін топпен, ұжым болып тамашалап жатқандар көп. Әлеуметтік желілерде түрлі игі бастамалар жайлы да айтылуда. Қаншама билетті сатып алып, жастарға, оқушыларға тегін таратты немесе тұтас бір залды алып әріптестер болып тамашалады дегендей мысалдар көп.
Тау тұлға туралы тарих үлкен экрандарда бірнеше күннен бері көрсетіліп жатыр. Студенттерге тегін билет таратып, елді кинотетрға шақырып жүргендердің бірі депутат – Дәулет Мұқаев.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әуел басында Ұлттық арнадан көрдік қой. Сондай бір әсерлі. Үлкен кинотеатрдан шыққаннан кейін неге бармасқа? Патриот жастарды көбейту мақсатында, насихаттау үшін бардық. Зал лық толы болды. Сұраныс қой бірінші кезекте. Сұраныс артқасын, режиссерлер қарап, соған сай нарық ыңғайланады.
Қазіргі кезде киноиндустрияда комедиялық бағыттағы туындылар көп. Оларға деген сұраныс та аз емес. Бірақ, елдің тарихи туындыларға назары артып, көрермен қатарын көбейтудің игі тетіктері қолданылып жатқаны қуантады.
Сұлтанхан Аққұлұлы, алаштанушы ғалым, журналист:
Бұл бір жағынан жақсы құбылыс. Өйткені, қазақ қоғамында азаматтық қоғамның ояна бастағанын көрсетеді. Бұл коммерциялық фильм емес. Жұрттың бәрі бара қоятын. Бұл біздің төл тарихымыз.
«Міржақып. Оян, Қазақ!» көркем фильмі 21-ші қыркүйектен бастап Kinopark кинотеатрлар желісі арқылы үлкен экрандарда көрсетіліп жатыр. Қуантарлығы көп жерде аншлаг, зал лық толы. Осы қарқын ұзағынан жалғаса берсе игі.