Астана мектебінде сатыдан құлаған балаға жедел жәрдем 29 минут жүріп келген. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният дәрігерлердің неге соншалықты кешіккенін түсіндірді. Қоңырауды қабылдаған диспетчер шақыртуды шұғыл емес деп бағалаған. Нәтижесінде жедел жәрдем тобына шұғыл жету туралы бұйрық түспеген. Барлық қызметкерлер нақты белгіленген тәртіппен жұмыс істеді, деді министр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Жедел жәрдемге қоңырау шалған кезде мектеп медбикесі балада соққы іздері мен жарақат бар екенін айтқан. Бала есінен танбаған. Сондықтан жедел жәрдем шұғыл жетпеген. Ал бас ми жарақатын алғаны туралы диагноз кейін қойылды. Баланың жағдайы қазір жақы. Дегенмен, әлі біраз уақыт тұрақты бақылауда болады.
Астанадағы 2-ші сынып оқушысы мектепте баспалдақтан құлап кеткенін кеше көрсеткен едік. Баспен оңбай құлаған баланың ата-анасы жедел жәрдемнің кеш келгенін айтқан болатын. Мектептегі келеңсіздікке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал мектеп директоры жұмыстан шығарылды.