Шығыстағы Риддер қаласының тұрғындары жылу биыл да уақытылы берілмей қала ма, деп алаңдаулы. Өйткені қаладағы қазандықтарды жөндеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Ал шаһар басшысының айтуынша жылыту орталығында бүгінге дейін жалпы жұмыстың 80 пайызы атқарылған.
Жылыту орталығындағы жұмысшылардың қазір әр минуты санаулы. Өйткені шағын шаһардағы 55 мың тұрғын осы нысанға қарап отыр. Сондықтан соңғы уақытта стансада техниканың гүрсілі мен балғаның дүрсілі қатты шығып жатыр.
Бүгінге дейін жылыту электр орталығындағы алты қазандықтың үшеуі жөнделді. Қазір техникалық тексеруден өткізіліп жатыр.
Кирилл Голота, «Риддер ЖЭО» бас инженерінің орынбасары:
Орта қысымдағы нөмірі екінші және үшінші қазандықты жөндеу аяқталды. Енді су құйып, гидравликалық тексеруден өткізіп жатырмыз. Ал үшініші қазандық жоғары қысымда жұмыс істейді. Оны да жөндеп аяқтап қалдық.
Осы орталықтың жөндеу жұмысына тікелей жауапты облыстағы тұлғалардың айтуынша бастапқыда қажетті материал да дұрыс жеткізілмеген. Білікті маман жетіспей жұмыс кестеден кешіккен. Тек тамыз бен қыркүйекте ғана жұмыс қарқын алды. Енді стратегиялық нысанды мемлекеттің қарамағына алу үшін мүлікі түгенделіп жатыр.
Бақытжан Баяхметов, облыс әкімінің орынбасары:
Үкіметтің қаулысымен 8,2 миллиард қаражат бөлінген. Оның сыртында облыстық бюджеттен 555 миллион теңге бөлініп, барлық жұмыстар атқарылып жатыр. Айдың 25-інен кейін екі қазандықты жағып көреміз деген ой бар.
Қазандықтар қыс бойы жанып тұру үшін 300 мың тонна көмір, 120 мың тонна мазут керек. Отын алуға келісімдер жасалған. Ал қаладағы тозығы жеткен жылу құбырын жамап-жасқау да аяқталды. Мемлекеттен оған да 1 миллиардтан астам теңге бөлінді. Ендігі міндет межелі мерзімде қазандықты қосу. Ал одан соң турбиналарды жөндеп, электр энергиясын өндіру мәселесі тұр