Азия кеңесі халықаралық ұйымға айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азия кеңесі халықаралық ұйымға айналады

28.09.2023

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі/ халықаралық өңірлік ұйымға айналады. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында, министрлер кеңесі/ бейресми отырысын өткізіп, құрылымдық өзгертуге бір ауыздан келісті. Толығырақ АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы айтсын

Жалғас Сәдібекұлы , тілші:

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі отыз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кеңес деп аталғанымен ұйымға бергісіз ауқымды істер атқарып жатыр. Сoндықтан оны біртіндеп болса да трансформациялайтын уақыт жетті дейді тараптар.

Бұл бейресми кездесу болғанымен тарихи салмағы басым жиын. Себебі, 28 мемлекеттің басын қосқан, одан бөлек сегіз ел мен бес ірі ұйым бақылаушы ретінде қатысатын кеңес- жаһандық құрылымға айналу жолындағы жол картасын бекітті. Трансформациялау оның халықаралық деңгейдегі беделі мен ықпалын күшейтіп, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттырады дейді бас хатшы Қайрат Сарыбай. Бірақ, құжатта кеңесті ұйымға айналдырудың нақты уақыт межесі көрсетілмеген.

Қайрат Сарыбай, АӨСШК Бас хат¬шысы, елші:

 Өйткені бұл ашық, 28 мемлекеттің ырзашылығын алатындай шешімдер болуы үшін нақты уақыт шеңберін қоймадық. Бұл үрдіс дегенмен тез арада бітеді деп ойлаймын.

Азия кеңесі осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан бастамасымен Алматыда құрылды. Тиімді диалог алаңын қуатты халықаралық ұйым қылуды ұсынып отырған да біздің еліміз. Себебі, бұл Азия аймағындағы әскери, саяси, экономикалық және мәдени салалардағы яғни, жан-жақты ауқымды байланыстарды тереңдетуге жол ашады. Дегенмен, жаһандық құрылымға айналса да әуелгі ұстаным өзгермейді, өңірлік ұйым ретінде жұмыс істейді.

Қайрат Сарыбай, АӨСШК Бас хат¬шысы, елші:

Біз сол шеңберден шығамыз деген ойымыз жоқ. Алайда, қазіргі таңда Азияның ғаламдық деңгейдегі рөлін ескере отырған кезде, бұл азия көлемінде қабылданатын шешімдер бүкіл әлемге өзінің септігін, өзінің ықпалын тигізеді деп білеміз.

Себебі қазіргі таңда адамзаттың 60%-ы Азияда тұрады және әлемдік ЖІӨ-нің 40%-ға жуығы осы өңірге тиесілі. Ал, кеңесті қауіпсіздік және даму ұйымына айналдырса, аймақтағы ықпалдастық жандана түспек дейді сарапшылар. Өйткені, халықаралық ұйым шешімдерінің тараптарға теңдей жауапкершілік пен міндеттер жүктейтін заңдық қуаты болады. Бұл сайып келгенде азиялық қауіпсіздік пен ортақ өркендеудің өміршең тетігін қалыптастыруға жол ашпақ.


Хабарламаларға жазылу