Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы III-ші Интернационал ауылында кәріс қызы қобызда, ал түрік қыздары домбыраның құлағында ойнайды. Көп ұлтты елді мекенде қазақтың ұлттық аспабы мен өнеріне қызығушылық танытқан өрендер баршылық. Елді мекендегі әуез мектебі шәкірттерінің қарым-қабілетін тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.
Ұлты өзге болса да қазақтың домбырасын қадір тұтқан Севиля Ормонова аз уақытта қос ішекті аспапты меңгеріп алған. Бүгінде бірнеше күйді орындап, өнерімен көпті тәнті етіп жүр. Жалпы әуез мектебінің домбыра үйірмесінде 10-нан аса бала бар. Әсіресе, қатарынан қалмай өнерге деген құштарлық танытқан түрік қызы Рәбияның домбыраға деген сүйіспеншілігі зор.
Рәбия Аскеров, оқушы:
Мен домбыраны өте жақсы көремін. Биыл келдім. Маған ұнайды. Ағай-апайлар маған домбыраны үйретіп жатыр.
Анита Чен қобыздың сырлы үнінде адамды баурап алатын тылсым сиқыр бар дейді. Киелі аспаптың киесін сезінген кәріс қызы қобыздың қоңыр сазымен үндесіп, ерекше әсер алады.
Анита Чен, оқушы:
Маған қобыздың үні жалпы бұл аспаптың өзі қатты ұнайды. Үйірмеге өз еркіммен келіп жазылдым . Қазір «Көктем» туындысын орындап үйренудемін.
Жалпы аядай ауылда 10-нан аса ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрады. Өнер - ұлтқа бөлінбейді деген. Мұндағы әуез мектебінде қазақтың ұлттық аспаптарынан бөлек, оқушылар фортопиано, баян және хор үйірмелеріне қатысады.
Роза Жаханова, Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебі бөлімшесінің меңгерушісі:
Біздің мектепте 64 оқушы қатысады. Қазіргі таңда. Соның ішінде 15-і өзге ұлттардан. Түрігіміз бар, кәрісім баз, қырғызымыз бар. ТІЛШІ: Бірлікті ту етіп, достықтың бесігін тербеткен 3 интернационал ауылы көп ұлтты болса да, қазақы салт-дәстүрді сақталған, өнерді ұлықталған осындай үлгілі елді мекен.