Талдықорғанда халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдығына орай бірінші халықаралық театр фестивалі басталды. Салтанатты шара аясында Бикен Римова атындағы драма театрының ғимаратында актрисаның қола мүсіні ашылды.
Жетісулықтарды Бикен Римованың 100 жылдық мерей тойымен Президент Қасымжомарт Тоқаев құттықтап, жедел хат жіберді. Оны облыс әкімі Бейбіт Исабаев оқып берді. Фестивальдің ашылуына Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева да қатысты.
Түрксой халықаралық ұйымының қолдауымен өткізіліп жатқан шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Қазақстанның өнер ұжымдары қатысып жатыр. Олар бес күн бойы байқауға дайындаған туындыларын сахналап, талдықорғандықтарды қасиетті өнермен сусындатады. Ал фестиваль барысында үздік актерлар мен режиссерлар анықталып, өнер ұжымдарының жаңа бір белеске көтерілуіне мүмкіндік береді, дейді қатысушылар.
Гүлжамал Қазақбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
Енді фестиваль деген бұл – өнер жарысы. Бұл үлкен дода. Әр театр өзінің қандай деңгейде екенін, қаншалықты өскенін осындай додаларда байқайды. Сондықтан мен осы фестивальге қатысушы әріптестеріме үлкен творчестволық табыстар тілеймін.