Қазақстанда салық жеңілдіктері жасалуда. Өнеркәсіпті қолдау, кәсіпкерлерге жеңілдік жасау мәселелерін Президент Жолдауда көтерген болатын. Импортқа шектеу қоймастан, отандық өнімдерді мейілінше қолдау туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Мұны жергілікті бизнес өкілдері көптен күткен болатын.
Фабрика елімізде кілем шығару ісін қолға алған алғашы кәсіпорын. Қазір мұнда отандық тауардың 2 мыңнан астам түрі шығарылады. Мемлекеттің жеңіл өнеркәсіпті қолдауының арқасында жер, меншік және корпоративтік салықтардан босатылған. Соған қарамастан нарықта шетелдік импорттың үлесі басым. Өйткені отандық тауардан да, шетелден тасымалданатын бұйымдардан да біркелкі құн салығы алынады.
Талғат Ысқақов, фабрика басшысы:
Қосымша құн салығын әр тауарға өзгерту керек. Мысалы азық-түлік тауарына 4-5 пайыз деген сияқты, ал шетелден келетіндерге 30-40 пайызға дейін қосымша құн салығын көтерсе, онда біздің отандық өндіріс дамиды.
Отандық өнімді қорғау және оған қолдау білдіру өнеркәсіп саласында жұмысшылардың да тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады.
Жанар Махамбетова, жұмысшы:
Фабрикамыздың ары қарай дамуына халықты жұмыспен қамтуына, өнімнің сапалы шығуына әрі қарай жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлесін қосар еді.
Әлемдегі геосаяси жағдай аймақтағы тамақ өнеркәсібіне де әдеуір қиындық туғызды. Сүт өндіретін кәсіпорындардың өз өнімін саудалауы 30 пайызға қысқарған. Сондықтан Мемлекет басшысы отандық өнімді қорғау туралы дер кезінде шара қабылдады, деп есептейді кәсіпкерлер.
Бөкейхан Әбішев, кәсіпорын басшысы
2 жарым пайызбен 10 жылға дейінгі кредит беру деген былайша айтқанда шаруаларға өте үлкен көмек. Одан бөлек жем-шөпке, сүтке берілетін субсидия да жылдан жылға көбейіп келеді. Ол деген сүт бағасын төмендетуге, шетелден нарыққа кіріп жатқан тауарларға бәсекеге сай болуға көмегі тиеді.
Жергілікті бизнесті қорғау шетелдік инвесторлардың елімізге қаржы құюына да жол ашады, дейді мамандар. Бұл өз кезегінде экономикалық әлеуетімізді жоғарылатумен бірге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ғани Қалмаханов