Түркістан облысының тұрғындары жиырма жылдан бері жарыққа жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының тұрғындары жиырма жылдан бері жарыққа жарымай отыр

30.09.2023

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жаңаталап ауылының тұрғындары жиырма жылдан бері жарыққа жарымай отыр. Жекеменшік трансформатордан электр энергиясын алатындар шамалары келгенше желілерді тартып, қолдан бағаналар тұрғызып қойған. Алайда бұл шыбық ағаштарды бағана деп айтуға ауыз бармайды. Жел тұрса желілер үзіліп, жұрт қараңғы құшағында қаламыз деп өкпелі.

Жаңаталап ауылындағы жиырмаға жуық отбасы жылдар бойы үрей құшағында өмір сүріп келеді. Мемлекет тарапынан электр бағаналары орнатылмаған соң, өз тіршіліктерін жасағандарын айтады. Базбірі ақшасына бағана сатып алса, жағдайы жоқтар ағаштарды кесіп, желі тартып қоя салған. Оның өзі адам шошырлық жағдайда тұр. Күн суытып, жел тұрса жарық сөніп қалады, дейді ашынған халық.

Амалбек Тұртаев, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

Өзіміз қолдан қойғанбыз, қисайып жатыр. Бір ағашпен тұр әшейін, ағаш па бірдеңе.

Қатира Тұртаева, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

Қатты жел тұрса линиямыздың барлығы үзіліп кете ме деп қорқамыз. Не стойкасы құлайды, не линиясы үзіледі.

Жиналған бұқараның алды мұнда осыдан жиырма жыл бұрын көшіп келген. Бірақ жылдар бойы «мәселеміз шешілер емес» деп күйінеді. Жекеменшік трансформатордың жарығы әлсіз болған соң, жиі өше береді. Салдарынан несиеге алған техникасы күйіп кетеді. Шыбық ағаштар балалардың басына құлап кете ма деп қорқады.

Нұрсұлу Көпбосынова, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

Ақша жинағанда неғылғанда сендердікі асық шықты деп, әр үйден ақша жинап шығады тағы да. Енді мынау әкімшіліктің алдына кірдік, 2021 жылы кіргенбіз. Қағаз жүзінде жазып бардық алдына өтініш жазып. Одан нәтиже жоқ.

Өзекті мәселеден ауыл әкімі де хабардар болып шықты. Бірақ Жаңаталаптағы жұрттың жағдайын жақында ғана естідім деп ақталды.

Қанат Иматов, Құркелес ауылдық округінің әкімі:

Біз бүгінгі күнге дейін оны сетевойдың балансында екен деп жүрдік. Ол енді нақты кімнің балансында екені белгісіз. Қазір енді дәл осы жағдайда оның жобасын жасап, оған қаржы бөлуге біраз уақыт кетеді.

Ауыл әкімі сапалы электр бағаналары мен трансформатор орнату оңай шаруа емес екенін айтады. Яғни арнайы жоба жасатып, құжат дайындағанымен бюджеттен қаражаттың бөлінуін күтуге тура келеді. Ал оған дейін аудандағы жарыққа жауапты мекемеден уақытша бағаналар сұратып, қыркүйектің соңына дейін орнатуға уәде етті.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу