Ұмыт қалған қала, азып-тозған инфрақұрылым: Степногорскінің мәселесі қалай шешіліп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұмыт қалған қала, азып-тозған инфрақұрылым: Степногорскінің мәселесі қалай шешіліп жатыр?

01.10.2023

Қазақстан картасында 89 қала болса, соның 27-сі моно қала. Соның ішінде төрт шаһардың ғана (Теміртау, Рудный, Екібастұз, Жаңаөзен) халқы 100 мыңға жуықтайды немесе асады. Қалғанында тұрғын саны 50 мыңнан аспайды. 

Қала дегеннен шығады, Қазақстанда мың жарым тұрғыны бар елдімекен де қала аталып жүр. Бұл сөзімізге 1,5 мың тұрғыны бар Жем қаласы дәлел. Ал Темір қаласныда 21, мың, Степняк қаласында 3,8 мың тұрғын бар. 2025 жылға қарай тұрғын саны көп ауылдарға қала мәртебесі беріліп, халқы аз қалалар ауылға айналуы мүмкін. 

Моноқалалардың барлығы дерлік Кеңес одағы кезінде құрылған. Яғни қандай да бір өндіріс орнының маңайына салынған. Сондықтан Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің 40 пайызға жуығы осы қалалардан шығады.

Яғни мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі, энергетика саласындағы ірі кәсіпорындар осында. Моноқала статусын екі критерий айқындайды. Біріншісі негізгі кәсіпорын қала өндірісінің 20 пайызын құрауы керек. 

Екіншісі ондағы халықтың 20 пайызы сол кәсіпорында жұмыс істеуі қажет. Қазақстандағы моноқалалардың қазіргі тізімі 2012 жылы жасалған. Енді осы шаһарлардың саны азаюы мүмкін дейді Ұлттық экономика министрлігі. 

Бекжан Қисанов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:
Қазір сол моноқалалардың тізімін қысқарту бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Оның ішінде 27-ден жоспар бойынша 20 моноқала қалдырамыз ба деген жоспар бар. Себебі Жезқазған облыс орталығы мәртбесін алып сол тізімнен шығатын болады. Сосын Текелі, Саран қалалары экономикасы диверсификация жасап моноөндірістік емес жалпы дамытуға жергілікті атқарушы органдар көп күш салып сол тізімнен шығу қарастырылуда.

Моноқалалардың тағдыры бір-біріне ұқсас. Яғни, басым көпшілігінің әлеуметтік де, экономикалық та даму қарқыны бәсең. Инфрақұрылымы ескірген, халық саны да азайған. 2000 жылдары моноқалаларда 3 миллиондай тұрғын болған. Қазір екі есе қысқарған. 

Моноқалаларды жандандыру үшін Үкімет кешенді жоспар әзірлеген. Жоба бекітіліп те қойған. Кезең-кезеңімен іске асуы тиіс. Яғни 2027 жылға дейін 10 моноқаланы дамыту көзделіп отыр. Ол үшін 1,7 триллион теңге қаражат қарастырылған.

Бұл сомма денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылыды дамытуға жұмсалады. Шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен салу және жөндеу де жоспарда бар. Осы ондықтың ішінде Степногорск қаласы да бар. 

Тәуелсіздік жылдарына дейін «өте жақсы» өмір сүрген қаланың бүгін жай-күйі қалай? Моноқаланың негізгі проблемалары қандай? Тұрғындарының қандай талап-тілегі бар? Степногорскке арнайы барған Елдос Есенболдың бейнематериалы.


 Елдос Есенбол, тілші:
Степногорсктің іргетасы 1960 жылдары қаланған. Кезінде жұмысшылар шаһары болған, қазір 70 мыңға жуық тұрғыны бар моно қала. Қызығы бұл өз уағында жабық шаһар болған. Тіпті 80 жылдарға дейін ешқандай картада белгіленбеген. Қазір келіп-кетемін деушілерге Степногорсктің қақпасы ашық. Бірақ бұл қала әлі күнге дейін тарих қойнауында қалып қойғандай...
Себебі бұрын мұнда бактерологиялық қару дайындаған. Ал, қаланың басты жұмыс орны Степногорск тау-кен химия комбинаты болған. Күні бүгінге дейін солай. Компания уран өндірумен, өңдеумен айналысады.

Айғаным Жексембаева, Степногорск қалалық Кәсіпкерлік бөлімі басшысының м.а.:
Қаламызда өндірістік кәсіпорындар көп. Оның ішінде 15 ірі кәсіпорын деп айтуға болады. Соның ішінде тау-кен өндірісі, химия өндірісі, электр өндірісі. Халқымыздың көбі осы өндірісте саласында жұмыс атқарады. Шамамен 13 жарым мыңдай болады. 18 мың халық қызмет көрсету саласында жұмыс жасайды. 3,9 мыңдайы шағын және орта бизнесте жұмыс атқарады.
Степногорск бір қала және тоғыз ауылдан тұрады. Біз орталығын аралап көрдік. Қара суық түссе де құбыр ауыстырғандарды байқадық.
Қала тұрғындарының жылу сұрайтындай жөні бар. ЖЭО 70 пайызы тозған. Биыл жөндеуге 4 миллиард теңге бөлінген. Үш қазандығын күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Жылу маусымын қалған төрт қазандықпен бастай бермек.

Мақсат Ысқақов, Степногорск Жылу электр орталығының директоры:
Жылу желілеріне бөлінген қаражат осы жылы 1 млрд 100 миллион шамасында «СтепногорскТеплоТранзит» мекемесі бөлді. Және бөлек 29,3 км акиматқа бердік. Оның ішінде бөлек 7км қаланың ішінде магистралды трубаларды ауыстырып жатыр.
Бірақ 70 пайызы тозған орталыққа 4 миллиард теңгенің жөндеуі аздық етері түсінікті. Қыста тағы жаурап, ауыра қалса азаматтар қайда барады? Әрине, ауруханаға.

Есік, терезесі де, еден жиһазы да әбден тозған. Мұндағылар жыл сайын демеуші қаражатына жамап-жасқан осылай жөндеген болады екен. Бір қуантатыны аурухана «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына енгені, дейді дәрігерлер. Енді келер жылдан күрделі жөндеу басталуы керек. Бірақ ақ халаттыларды алаңдатқан бұл жалғыз мәселе емес.

Бағлан Наурызбаева, Степногорск қалалық ауруханасының бас дәрігері:
Қаңтарда 23 жылы пенсионный отчисление 2-3 квартал 22 жылды төленді. Енді бізде қарыз ретінде 4 квартал 22 жыл.
Яғни дәрігерлерге бірнеше айлық зейнетақы төлемдері түспеген. Мекеменің қызметкерлер алдында әлі 400 миллион теңгедей қарызы бар. Сөйте тұра мұнда хирург, уролог, неонатолог, гинеколог сынды мамандар керек.
Қарлығыш Кафарова, Мансап орталығының директоры:
Степногорск қаласында 700 вакансия бар. Оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер керек. Қалған 400-і мамандықты қажет етпейтін жұмысшылар.
Елдос Есенбол, тілші:
Степногорск тұрғындарының тынышын алған осындай қараусыз қалған үйлер. Дәл қазір қалада осылай қаңырап бос тұрған 10-12 ғимарат бар. Ең жаманы бұндай үйлердің айналасында ешқандай қоршауы жоқ. Балалар емін-еркін кіріп-шығады. «Байқаусызда ұл-қызымыз майып бола ма?»,-деп алаңдайды ата-аналар.
Жалпы қаладағы әлеуметтік нысан, көпқабатты үйдің басым бөлігі ескірген. Қабырғасы қаланғанына 30 жылдан асқан.

Алмат Тоқмағанбетов, Степногорск қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы:
Мысалы бізде Мирас деген бар Мәденит үйі. Ол жерде мысалы толығымен жырық. Оған 755 миллион теңге керек ол. Жоспарда бәрін жасадық бірақ ол да үлкен ақша.

Нина Рысбаева, Степногорск қалалық мәслихатының депутаты:
Жастар жұмыстан бөлек демалғысы келеді. Ал Степногорскте бұл үлкен мәселе. Бізде бары тек ормандағы саябақ. Оның өзі аббаттандырылмаған. Және шағын кинотеатр ғана бар. Бұл қаланың ең жайлы тұсы да сол шығар. Көп шығындалмайсыз. Жаманы өте тым-тырыс.
Үкіметтің моноқалаларды дамыту жоспары Степногорск тұрғындарына болмашы үміт сыйлайды. Құжатта өнім көлемін 90 миллиард теңгеге дейін ұлғайту, 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу керек делінген. Тозған жылу желілерін жөндеуге, 15 ауланы, балалар алаңын абаттандыруға қаражат бөлінеді деген де бар. Бірақ Қазақстан Үкіметі моноқаларды дамытуды 2012 жылдан бері қолға алғаны белгілі. Бүгінге дейін осы бағытқа 80 миллиард теңге жұмсалыпты. Бірақ, қазір моноқалалар кейпіне қарап 11 жыл уақыт зая кеткендей ме дерсіз.. Ендігі мерзім 4 жыл...

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу