Бүгін ескек есуден ұлттық құрама мүшелері ерледі. Ханчжоуда өтіп жатқан азия ойындарында олар бір күнде 5 бірдей жүлде сыйлады. Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров 500 метрге жарыста қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, ел қоржынына төртінші алтынды сыйлады. Жеңісті күннің жарқын сәттері жайлы әріптесім Шерхан Жамбылұлы әңгімелейді.
Байдарка мен каноэде Қазақстан құрамасы сары құрлықтағы үздіктердің бірі. Ханчжоуға да құрама биік белесті тағы бір мәрте бағындыруға келді. Сергей мен Тимур жұбы алғашқы сында 500 метрге жарыс жолына шығып, үздік атанды.
Тимур Хайдаров, Азия ойындарының чемпионы:
Жоспар бойынша жұмыс істеп шықтық. Команда мүшелері жүлде алып, бізге үлкен қолдау білдірді. Бір ай бұрын тактикамызды даярладық. Бүгін қарсы соққан жел де кедергі болмады.
Сергей үшін бұл үшінші азиада. Бұған дейін екінші орынды місе тұтқан еді. Көптен күткен алтын жүлде Ханчжоу төрінде бұйырды.
Сергей Емельянов, Азия ойындарының чемпионы:
Мен бұл жүлдені өз балаларыма арнаймын. Артымыздан ерген жастар осындай жеңістерден шабыт алып, спортқа қызыққанын қалаймын. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге мың алғыс. Бүгін бапкер тапсырмасын орындап, жоспарға сай жүріп өттік. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын.
Бүгін отандастарымыз алты финалдың бесеуінде өнер көрсетті. Әйелдер арасында Мария Бровкова мен Руфина Искакова 500 метрге каноэмен, ал Ольга Шмельева мен Ирина Подойникова дәл осы қашықтықта байдаркамен жарыста күміс медаль иеленді.
Ерлер арасында Кирил Тубаев мың метрге жарыста қолаға қол жеткізді. Сонымен қатар Тимофей Емельянов та жүлделі үшінші орыннан көрінді. Ескек есу жарысы ертең де жалғасады. Жерлестеріміз фавориттер қатарында. Жеңісті жол жалағасады деген сенімдеміз.
Шерхан Жамбылұлы