Елімізде жыл басынан бері әртүрлі 6 млн 800 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның басым бөлігін Ішкі істер министрі бейенебақылау камерасы арқылы анықтады. Бүгінде тәртіп бұзғандардың 5 жарым млн-ы 128 млрд теңге айыппұл төлеген.
Енді қай аймақта құқықбұзушылық көп тіркелді? Статистикаға сенсек, Алматы алғашқы орында, 1 млн тұрғынға 16,8 млрд теңгеге айыппұл салынды. Екінші орында – Астана. Мұнда құқық бұзған 800 мың адам 12,7 млрд теңге төлеуге міндеттелді. Ал ең аз айыппұл Павлодар облысында. 11,8 млрд теңге.
Ал соңғы екі күнде мопед жүргізушілерінің кінәсінен 3 адам қаза тапқан. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысында осылай деді. Бүгінде арнайы заң енгізіліп, жол ережесі қатаңдағанына қарамастан, самокатшылар мен мопед жүргізушілерінің саны күн санап артып келеді. Соңғы бір айда 1 мың 700 самокатшыға айыппұл салынған. Оның 500-ден астамы – кәмелетке толмаған бала. Бұл мәселені министрлік қалай шешуге болады дейді?
Марат Қожаев, Ішкі істер министрінің орынбасары:
Бұл мәселені полиция арқылы шешу мүмкін емес. Әкімдіктер тарапынан инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қажет, бөлінген жолақтарды жайластыру, жеке веложолдар салу, электр самокаттардың қозғалысына тыйым салынған аймақтарға бөлу керек.
Яғни, электросамокаттар мәселесін министрлік жалғыз шеше алмаймыз деп отыр. Мопедтер ғана емес, көлік жүргізушілерінің кесірінен болатын жол апаты да азаймай тұр. Премьер-министр мұны шешу үшін жүргізуші куәлігін алуды қатаңдату керек, дейді.
Қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі - қазақстандықтардан саусақ ізін алу туралы Үкіметте не айтылды?
Айя Мүтәлі, тілші:
Қазір қоғамда келер жылдан «қазақстандықтардан жаппай саусақ ізі алынады екен» деген ақпарат бар. Бірақ Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев саусақ ізі тек жеке куәлік пен паспортты ауыстырған кезде, болмаса жоғалтып алған жағдайда ғана алынатынын айтты. Яғни, Халыққа қызмет көрсету орталығына жаппай барудың қажеті жоқ. Және мұндай жүйеден қауіптенудің қажеті жоқ, әлемнің бірқатар елінде бұрыннан бар, деді вице-министр:
Саусақ ізін түсіртетін заң елімізде 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Одан 12 жасқа дейінгі балалар босатылған, ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер ерікті түрде тіркеуден өте алады. Ал 16 жастан асқандар саусақ ізін тапсыруға міндеттеледі.