Ауыл әйелдерінің алқалы жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әйелдерінің алқалы жиыны өтті

03.10.2023

Киіз басу өнерін жаңғырту қажет. Ол үшін цехтарды көптеп ашу керек. Бүгін Астанада өткен ауыл әйелдерінің алқалы жиынына қатысқан атыраулық Камила Әбенқызы осы мәселені көтерді. «Ұлт рухының ұясы – ауыл ана» атты ауыл әйелдерінің I Республикалық алқалы басқосуын Ауыл партиясы ұйымдастырды.

Атыраулық Камила Әбенқызы жібек матасына сурет салатын Қазақстандағы кәсіби маман. Төл өнеріміз насихатталған осы туындылардың барлығын ол өзі салған. Шебердің ендігі мақсаты – киіз басу өнерін жаңғырту.

Кәмила Жапалова, Атырау облысының тұрғыны:

Ауылда мал да бар, малдың жүні де бар. Сол әйелдерге табыс көзін ашу ретінде киіз басу цехтарын ашсақ дейміз. Түрік елдеріне барсаңыздар, ол жерде шағын цехтар көп. Сол жерлерде қыз келіншектер қаз-қатар отырып, кілем тоқиды және ол кілемдердің бағасы 2,3 мың долларға бағаланады.

Сондай-ақ жиын барысында көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, іскер әйелдерді демеу мақсатында «Ауыл» партиясының жанынан құрылған «Мейірім құшағы» комиссиясының жұмысы таныстырылды.

Қарақат Абден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының фракция мүшесі:

Қазіргі таңда болып жатқан жат нәрселердің барлығы біздің сол рухани тәрбиемізден алшақтап бара жатқаннан ғой. Соны ұмытпауымыз керек. Оны кім жаңғыртады, біз, әйелдер жаңғыртамыз. Мейірім құшағының ең басты мақсаты – ауыл әйелдерінің көшбасшылығын арттыру. Қазіргі таңда өте маңызды сұрақ – гендрлік теңдік. Өңірдегі әйелдердің басшылыққа араласуы өте төмен.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Бізде ауыл әйелдерінің өзі бүткіл әйелдердің 39 пайызын құрайды. Бірақ, сол 39 пайызды құрайтын ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайы жетіспей жататыны көп болады. Міне осындай форумдар тәжірибе алмасуға, үйренуге керек.

«Ұлт рухының ұясы – ауыл ана» атты жиында балалар үйінің 7 тәрбиеленушісіне «Құлақ тесу» рәсімі жасалды. Дәстүрлі ғұрыпты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сынды түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жандар өткізді.


Хабарламаларға жазылу