Алексей Луценко – Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Луценко – Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы

03.10.2023

Бұл дәл осы Қытайда өтіп жатқан 19-жазғы Азия ойындарында ел қоржынына бесінші алтын медаль салған Алексей ЛуцЕнко. Велошабандоз тас жолдағы жекелей сайыста 39,7 шақырымды бірінші болып еңсеріп, жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Ұлттық арна тілшісі Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында тұратын спортшының анасымен жолығып, қуанышына ортақтасып қайтты.

Бұл Алексей Луценконың Азия ойындарындағы алғашқы жеңісі емес. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарында чемпион атанса, 2018 жылы Индонезияда жекелей сында және топтық тартыста алтын медаль олжалаған болатын.

Елена Луценко, А.Луценконың анасы:

Мен ұлымның жеңіске жететінін білдім. Ана жүрегі бәрін сезеді. Алексей жарыс жолына шыққанда теледидар қарай алмаймын. Жүрегімнің соғысы жиілеп, қан қысымым көтеріліп кетеді. Бүгін де баламның алтын медаль алғанын алғашқы жаттықтырушысы хабарлады.

Алексей Луценко облыс орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Большая Малышка ауылында туып-өскен. Анасы аяғын басқаннан велосипедке әуес болғанын айтады. 14 жасқа дейін қос дөңгелекті көліктің төртеуін тоздырыпты.

Виктор Потапов, А.Луценконың алғашқы жаттықтырушысы:

2006 жылы ауыл-ауылды аралап, велоспортқа бейім балаларды іздедік. Алексей бірден көзге түсті. 600 метр қашықтыққа жүгіріп, мәреге бірінші болып жетті. Ерік-жігері мықты екенін аңғардым. Ойланбастан Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған интернатқа алып келдім. Сол сәттен бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан тынымсыз еңбекке толы күндер басталды.

Алексей Луценко Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жолын жалғап келеді. Велошабандоз мұнымен шектеліп қалмайтынын айтты. Бірер күннен кейін ол топтық жарыста тағы да сынға түседі.

Хабарламаларға жазылу