Азиада: Ескек есу шеберлері күміс және қола медаль ұтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиада: Ескек есу шеберлері күміс және қола медаль ұтты

03.10.2023

Кеше Азия ойындарында қоржынға 5 бірдей медаль салған ескек есу шеберлері бүгін де жүлделі болды. Қазақстан құрамасының спортшылары тұғыр биігіне бірнеше мәрте көтерілді. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ескек есушілер жарысы көркем табиғат аясында өтті. Фуянг аймағындағы бұл жарыс алаңы біз үшін сәтті жер десек те болар. Күні кеше бұл жерде спортшыларымыз алтын жүлден еншілеп, ел абыройын асқақтатты. Бүгін де ескек есу шеберлері жеңісті жолды жалғастырды. 

Жарыс алаңына алғашқы болып Мария Бровкова шықты. Ол 200 метр қашықтықа сынға түсіп, қолаға қол жеткізді. Кеше де күміс еншілеген. Осылайша 18 жастағы спортшы азия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанды.

Ағайынды Тимофей мен Сергей Емельяновтар жарыс фаворитінің бірі. Олар мың метрге жұптық жарысқа қатысты. Бір шақырымды 3 минут 49 секундта бағындырып, күміс жүлдені қанжығаға байлады.

Тимофей Емельянов, Азия ойындарының жүлдегері:

Сергей екеуміз 10 жыл бойы жұптық сында өнер көрсетіп келеміз. Кеше ол алтын жүлде алды. Біздің спорттық династияда осындай нәтиже болғанына қуаныштымын. Бұйырса, біздің отбасы тағы да үлкен жеңістер сыйлайды.

Жұптық сында қыздар командасы да тұғыр биігінен көрінді. Маргарита Торлопова мен Ульяна Киселеова 200 метрге жарыста күміс медальға қол жеткізді.

Маргарита Торлопова, Азия ойындарының жүлдегері:

Нәтижеге көңіліміз толады. Қарсыластар өте мықты. Енді келесі жарыстарда олардан озуға тырысамыз. Бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Жүлде алып, нәтиже көрсеткенімізге қуаныштымын.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша, байдарка мен каноэдегі жарыс аяқталды. Қазақстан құрамасы доданы жемісті түйіндеп отыр. 1 алтын, 4 күміс, 3 қола жалпы саны 8 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.


Хабарламаларға жазылу