Президент «SANA» оқушылар сарайын аралап көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «SANA» оқушылар сарайын аралап көрді

04.10.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «SANA» оқушылар сарайын аралап көрді. Орталық бір мезгілде 700 баланы қабылдай алады. Бес қабатты заманауи ғимаратта 5-17 жас аралығындағы жеткіншіктерге арналған 60-тан астам үйірме мен спорт секциялары жұмыс істейді.

«SANA» оқушылар сарайының аумағы 7500 шаршы метр. Ғимарат соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Оқу кабинеттері, жүзу бассейні, акт залы, подкаст және фото студиялары бар. Мемлекет басшысы Lego құрастыру, роботты техника, 3D-модельдеу және қыш өнері, ұрмалы аспаптар, домбыра үйірмесінің кабинеттерін аралады.

Аңсар Тұрсынғали, үйірмеге қатысушы:

Жігіт 8 қырлы, бір сырлы болуы керек. Мысалы мен дзюдо, бассейнге, еңбек курсына және құмыраға қатысамын. Менің құмыраға қатысқаныма бір айдан асады. Мен осы құмыраны істеу үшін бірінші саз балшықты 10-15 минут дайындап, екінші осы інім сияқты станокқа отырып, осы құмыраның формасын істедім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қала мен ауданда осындай орталықтар ашылуы керектігін тапсырды. Жақында бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, бұл мәселеге баса мән беретінін жеткізді. Sana-ны «Damu Development Group» консорциумы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салған.

Абзал Сағымбаев, компания құрылтайшысы:

Әр баланың бейімділігі анықталып, керек болса, балалар 4-5 үйірмеге қатысып жүр. Біздің проф арентациялық жұмысымыз бар. Балалардың жоғарғы оқу орындарына түсу үшін ағылшын тілі болсын, ҰБТ дайындайды. Дәстүр курсымызда әр оқушыға тегін салт-дәстүріміз үйретіледі.

Мемлекет басшысына компания құрылтайшысы алдағы уақытта бірнеше дамыту орталықтарын, әлеуметтік, денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2029 жылға дейін елордада осындай 15 оқушылар сарайы бой көтереді.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу