Түркістандықтар өз ауылдасының озбырлығынан жапа шегіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандықтар өз ауылдасының озбырлығынан жапа шегіп отыр

04.10.2023

Түркістан облысындағы Нысанбек елді мекенінің тұрғындары өз ауылдасының озбыр тірлігінен жапа шегіп отыр. Егістік жерін төрт түліктен қорғамақ болған кәсіпкер ауыл іргесін айналдыра терең жыра мен ор ғып қазып тастаған. Ол аздай сол маңдағы жүздеген қарағашты қиратып, тамырымен жұлып алған.

Осыдан 50 жыл бұрын егілген жасыл желектің біразы қазір жерде қурап жатыр. Жер қазатын техника жолына кедергі болғандарын сындырған, кейбірін тіпті түп тамырымен қопарып алған. Ағаштарды аямаған кәсіпкер жер қыртысын да оңдырмай жаралапты.

Ғани Қалмаханов, тілші:

30 гектар аумақты айналдыра қазылған шұңқырдың тереңдігі 2 метрден асады. Бұл жерге абайсызда түсіп кеткен төрт түлік тұрмақ адамның өзі өзгенің көмегімен әрең шығады. Әкел қолыңды.

Ауылда егін жиналып, өріс кеңейгенімен төрт түлік әлі ауыл маңын төңіректеп жүр. Өйткені шұқырдан өтіп, жайыла алмайды. Біраз үй жыраға құлаған малын әзер шығарып алған. Шығара алмағының сүйегі сол жерде қалды.

Әбусейіт Жұмашев, ауыл биі:

Көлемі 2 метр, топырағы 2 метр, 5 метр жерді қазып тастаған. Малымыз жайылу керек. Оған кіргізбейді. Мал түсіп өліп жатыр. Ана жақтан аң-құс қуады, келіп түсіп жатыр.

Ауыл тұрғындарының осыны айтып, арызданбаған жері қалмады. Бірақ нәтиже жоқ.

Ерғали Мұсаев, ауыл тұрғыны:

Ауыл әкімдігіне, аудан әкімдігіне, прокуратураға тастадық. Айналып-айналып келіп, осы жерге тіреледі. Учаскелік инспекторға айналып келе береді. Біз енді кімге шағынамыз? Кімге айтамыз? Осыншама ағаштың иесі бар ма? Оны қорғайтын орган бар ма?

Жер иесі өзінің заңсыз әрекетін мойындайды. Жұртқа бәрін қалпына келтіремін деп уәде де берген. Алайда орындауға асығатын емес.

Абай Пірәлиев, кәсіпкер:

Жалпы халықтың бәрі қазып жатқан соң қаздырғам, Ол дұрыс емес екен деп маған айыппұл салды. 380-390 мың төледім. Оның бәрін қалпына келтіремін. Қазылған шұңқырды көмемін.

Кәсіпкерге ауылдастары тұрмақ, аудан әкімдігі де заң талабын орындата алмай келеді. Екі рет айыппұл төлегенімен айылын жыймады.

Қайсар Ақылбеков, Төле би ауданы әкімдігі заң бөлімінің инспекторы:

Заңсыз әрекетке бара алмаймыз. Өзіміз барып бұзып тастай алмаймыз. Оны мәжбүрлеп орындату бойынша сотқа шағымданамыз. шешім шығып, сол бойынша қалпына келуі керек.

Аудан әкімдігі кәсіпкерді осымен екінші рет сотқа беріп отыр. Алғашында екі тарап қатар арзыданғаннан соң іс қысқарып кеткен.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу