Мемлекет басшысы республикалық педагогтер съезіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы республикалық педагогтер съезіне қатысты

05.10.2023

Оқушылар арасындағы әлімжеттік әрекеттерге заң жүзінде жазалану қарастырылады. Президент бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Буллингке біржола тосқауыл қою керек. Ал ұстаздарға құрмет кемімейді. Керісінше мектеп, педагог, бала қауіпсіздігіне қатысты мәселелер мен кедергілер түгел шешіледі. Бүгін алғаш рет республикалық педагогтер съезі өтті. Шараға Мемлекет басшысы қатысып, білім беру саласындағы түйткілдерді реттеудің жеті бағытын айқындап берді. 

Білім беру саласындағы проблемалардың бәрін Мемлекет басшысы біліп отыр. Үкіметке шұғыл міндет қойды. Барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернет жеткізу керек. Нақты мерзімін де атады. Алдағы алты ай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Осы орайда мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мектептеріне көмектесуге шақырамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды.

Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамай барлық баланың сапалы білім алуына қақы бар. Бірақ қала мен ауыл арасындағы жағдай жер мен көктей. Қажетті құрал-жабдық түгел емес, білікті кадр тапшы, материалдық техникалық база ескі. Мұндай теңсіздік түбегейлі жойылуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет.

Үш ауысымды оқытудан әлі арылған жоқпыз. Мектептер жетіспейді. Алда бұл проблема күрделене түседі. Өйткені, жыл сайын ел аумағында 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Демек, сұраныс алда кемі есе есеге көбейеді. Осы тұста Президент ізгілік ісіне атсалысуға кәсіпкерлерді шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын.

Мектеп – балалар үшін ең қауіпсіз орын, қолайлы орта болуы керек еді. Бірақ, талап сақтала бермейді. Президент жақында Астанада болған оқыс оқиғаны мысалға алды. Министрлік пен әкімдіктерге барлық мектепті толық тексеріп шығуды тапсырды. Оқушылардың арасында бір біріне әлімжеттік, зорлық көрсету тыйылмай отыр. Шұғыл шешілетін мәселе.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет. Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ.

Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Буллингтен арылуға қатысты әлемдік тәжірибелерді зерттей, зерделей келе мына финдық Кива жобасын біз қарастырып отырмыз. Ол жоба бұл мемлекетте 10 жыл ішінде буллингтің 4 есе төмендеуіне үлкен әсер еткен екен. Осындай тәжірибелерді жинақтай отыра, біздің елімізде де оған жол бермеу бағытындағы үлкен жұмыстар жасалып жатыр.

Кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасы қатаңдатылады. Президент арнайы тапсырма бергенін, бастама жақын арада жүзеге асатынын айтты. Жалпы барлық мектептің ортақ қағидасы: оқушы – мұғалім – ата-ана. Үшеуі бір-бірінен ажырамай, байланыста болса ғана сапалы білім, саналы тәрбие болады. Президент ата-аналарға осындай үндеу айтты. Баланы мұғалімдердің алдында қорғамауды сұрады.

Әсима Бимендина, «Талап» КМ ашық қоғам президентінің кеңесшісі:

Материалдық жағдай ол бір бірақ та мынау негізгі моралдық жолда ұстаздың жолы оңай болу керек. Оларды қолдау керек, оларды көтеру керек. Сол жетіспейді деп ойлаймын. 03.10. ұстаздар қауымы көтерілуі үшін, өздерінің ерекше орнын алуы үшін қоғамның көзқарасы ерекше болуы керек.

Қазір 5000 педагог жетіспейді. Ал осы салада оқыған әр бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ұстаздардың біліктілігін арттыруға мәселесін де кешіктірмеу керек деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет.

Ұстаз – қадірлі мамандық. Оларды оңды-солды жұмсап, талаптарды жиі өзгертіп қадірін қашырмау керек. Президент осы мәселені қатаң тапсырды. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне де шүйлігіп, тосқауыл қоюды айтты. Президент қоғамдағы тағы бір күрделі мәселенің нүктесін қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.

Жалпы, ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Әлі де көмек артады. Осыдан 4 жыл бұрын Мемлекет басшысы педагог мәртебесін арттыруды және мұғалімдердің жалақысын 4 жыл ішінде 2 есе өсіруді тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Республикалық педагогтер съезі тұңғыш рет өткізіліп отыр. Шара аясында 7 мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.

Сәбит Әбдікенұлы, Павлодар облысының Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі:

Бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздің әрман қарай гүлдендіруге, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін көптеп еңбек етуіміз қажет.

Осылайша, Мемлекет басшысы білім беру саласындағы проблемаларды шешудің негізгі 7 бағытын айқындап берді. Олардың орындалуына қатаң бақылау болатынын да ескертті.


Хабарламаларға жазылу