Ақмола облысында нан қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында нан қымбаттады

05.10.2023

Ақмола облысында нан қымбаттады. Жоғары сұрыпты ұннан жасалған «ас атасының» бір бөлкесі осыған дейін 140-150 теңгеден сатылса, бірер күнде бағасы 20 теңгеге өсіп кеткен. Айта кетейік, биыл өңірде егін түсімі де жылдағыдан екі есе төмен. Толассыз жауған жаңбырдан оның сапасы да көңіл көншітпейді. Алайда, бұл бидай әлі наубайханаларға жеткізілмепті. Демек, биылғы өнімнің барлығы қамбаға түскен соң, баға одан әрі шарықтап кетуі мүмкін. Мәселенің мән- жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Облыста орақ науқаны жылдағыдан шамамен отыз күнге кешігуде. Қазір күн ашылғандықтан диқандар күні-түні барлығын жинап, элеваторларға тасып жатыр. Алайда, толасыз жауған жаңбырдан астықтың сапасы да, бағасы да төмен,-дейді шаруалар.

Өйткені, су тиген бидай бірден қарайып кетеді. Ол келер жылы тұқымға да жарамайды. Жалпы облыста астықтың күні бүгінге дейін жетпіс пайызға жуығы ғана жиналған.Орташа өнімділігі бес- алты центнерге жетер жетпес.

Ербатыр Бекқожин, шаруа:

Малға да жарамайды. Ол қап-қара. Елу пайызы мына жерде қалып жатыр. Жаңбырдан кейін. Элеваторлар алмайды. Қазір бәрі толып қалған. Бәрі тапсырып жатыр. Бәрі егінді білмейді қайда қоятынын.

Астық жетіспеушілік бағаның одан әрі шарықтауына себеп болуы мүмкін. Сала мамандары да оны жоққа шығармайды. Ал халық қазіргі қымбатшылықтың өзі қалтамызды қағып жатыр,- дейді.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Ал кәсіпкерлердің өзі уәжі бар. Олар су мен электр жарығы және газға төленетін тариф құнының өсуінен амалсыз осындай қадамға барғандарын айтып отыр. Қазір облыс орталығында онға жуық наубайхана бар. Алайда, бірде- бірі сұхбат беруге келіспеді.

Сала мамандары тарифтің қымбаттауынан бөлек, бидайдың бағасы шарықтап барады,-дейді. Мысалы, көктемде оның бір тоннасы 85 мың болса, қазір 130-150 мыңға сатылып жатыр. Сондықтан бұл мәселе наубайханаларға арзандатылған ұн жеткізілгенде ғана шешілмек.

Жасұлан Айдарахманов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі уақытта жергілікті әкімдік ауыл шаруашылығы министрілігіне өтінім жіберді. Яғни, біз азық-түлік корпорациясында қалған астықты жыл соңына дейін қолдануға рұқсат сұрап отырмыз. Ол мәселе қарастырылғаннан кейін, арзандатылған бидай наубайханаларға жеткізіледі.

Биыл нанның бағасы тағы да көтерілуі әбден мүмкін. Бірақ, оның қалай және қанша теңгеге өсетіні әзірге белгісіз.

Хабарламаларға жазылу