Ақтөбе облысында қой-ешкіден күлшешек ауруы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында қой-ешкіден күлшешек ауруы табылды

05.10.2023

Ауыл жұрты алаңдаулы. Ақтөбе облысында қой-ешкіден күлшешек ауру табылды. Садовое елді мекені 20 күнге карантинге жабылатын болды. Тұрғындар жұқпалы ауру енді ірі қараға, тіпті адамдарға жұға ма деп алаңдап отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ауылдың ұсақ малы бір жерде бағылады. Ауру осы қорадан табылған. Екі қой өлген. Басқаларына вакцина салынып жатыр.

Бұл ауылда 130 шамасында түтін бар. Ал, қой саны мыңнан асады. Тұрғындар адам жалдап, ұсақ малды жаз бойы бір адамға бақтырады. Қазір отарды ауылдың басқа малынан мейлінше аулаққа алып кеткен. Дегенмен, тұрғындар өріс тар болғандықтан, жұқпалы індет басқа малдарға да жұғама деп алаңдаулы.

Федор Ольтян, ауыл тұрғыны:

Жер аз. Сиыр мен қой бір жерде жайылады. Оның үстіне малшы басқа ауылдардың да малын қосып алып бағады. Бұған дейін ірі қараға вакцина салынды. Ал, қой-ешкіге дәрі бергенін көрген емеспін.

Тұрғындар малдан ауру шыққанын жауаптылар бізге ескерткен де жоқ дейді. Ауылды карантинге жауып тастаса, күнделікті табысымыздан айрыламыз ба деп қорқады. Өйткені, көбі ет пен сүт сатып табыс тауып отыр.

Кеңес Молдабай, ауыл тұрғыны:

Ауру шығып жатыр деп ешкім айтқан жоқ. Карантинге жапса, қиын болады.

Бізге малшылардың бірі екі қойдын дәл осы күлшешек ауруынан өлгенін айтқан болатын. Алайда, жауаптылар оны жоқққа шығарып отыр. Айтуларынша, карантин міндетті түрде болады. Өйткені, бұл аурудың қаупі жоғары.

Бердімұрат Бекжанов, Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Ауылда карантин болады. Карантинге жабылып, қала әкімінің шешімі шыққаннан кейін малды шығармайды және өзге малды кіргізбейді. . Ол аурудың белгісі ауамен да жұғуы мүмкін. Тері арқылы да жүруі мүмкін. Карантин 20 күнге созылады. 

Ауылдағы мал қоралар түгелдей залалсыздандырылуы тиіс. Алдағы 20 күн ішінде елді мекеннен мал азығын, ет-сүт өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынады. Өңірде күлшешек ауруы соңғы рет 10 жыл бұрын анықталған болатын.


Хабарламаларға жазылу